Қазақстанда мемлекеттік қызметке тұру үшін мемлекеттік тілді білу міндеттелмек. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі осындай заң жобасын Ашық үкімет порталында талқылауға шығарды. Бірақ, мұндай талап тек мемлекеттік қызметке жаңадан орналасатындарға қолданылады. Яғни, бұрыннан істеп келе жатқандарға қатысты емес, – деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Агенттіктің мәлімдеуінше, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша қоғамдық мониторинг жүргізілген. Оның нәтижесі бойынша жұртың 8 пайызы тілдік кедергілерге байланысты қанағаттанбайтынын білдірген. Осыны ескере келе, мемлекеттік қызметкерлер үшін тілдерді еркін меңгеру бойынша талап енгізу мәселесі қоғам мен уақыттың қажеттілігінен туындаған дейді агенттік өкілдері. Ал қазіргі заңда ондай талап жоқ.
Жалпы, бүгінде елімізде қоғамның барлық саласын қамтитын 90 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Олардың қандай да бір тілді қолдану белсенділігі көбіне қызмет саласына және жұмыс істейтін аймағына байланысты болып отыр.