«Тәуелсіздік» саябағы
«Тәуелсіздік» саябағы Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ашылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі салтанатты түрде ашқан саябақ қаланың Қабанбай батыр көшесіндегі төбенің жазығында орын тепкен.
Саябақтың триумфті – 15 метрлік қақпасын аттаған тұста, 1991 жылдан – күні бүгінге дейінгі елімізде орын алған тарихи маңызды оқиғалар тасқа қашалып жазылған. Көлемі 5,8 гектар алқапты құрайтын аумаққа “Ел бірлігі” монументі орналасып, “Тәуелсіздік шежіресі” аллеясы салынды. Онда еліміздің әр жылдардағы жарқын тарихы мәрмәр тастарға ойып жазылған.
Саябақта көкейге елжандылық сезімін ұялатар тағы бір нысан ол – «Алтын шаңырақ» ел бірлігі тәуелсіздік монументі. Елімізде мекен етіп жүрген барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің барельефі бейнеленген алып гранит тұғырдан 137 тік тіреуден тұратын композиция көтеріліп, шаңырақты ұстап тұр. Ондағы 137 тіреу еліміздегі 137 ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымақ пен бірлікті ту етіп, бітімгершілікте өмір сүріп жатқандығын білдіріп тұрғандай.
Саябақ құрылысының жалпы құны 680 миллион теңгені құрайды. Оның – 373,5 миллион теңгесі жергілікті қазынадан каралса, қалғаны Елбасының «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» аясында кәсіпкерлер қаржысымен жүзеге асты.
Шымкенттіктердің тағы бір мақтан тұтар нысаны ол – «Жер-Ана» тәуелсіздік монументі. Бұл архитектуралық композициялар туған жердің кеңдігін, бейбітшілік пен халықтар келісімін бейнелейді. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелерінің қиылысында орын тепкен, биіктігі 34 метрді құрайтын бұл монументпен «Тәуелсіздік» саябағының арасын «Мемлекеттік рәміздер» алаңы мен ұзындығы 104 метрді құрайтын «Алтын көпір» жалғастырып тұр.