2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Шымкент Астана мен Алматыдан кейінгі халқы миллионды қамтитын үшінші алып мегаполиске айналуы тиіс» деген болатын. Содан бері көне шаһарда көп нәрсе өзгерді.
Елбасы Жарлығымен 2018 жылы Шымкентке республикалық маңызға ие қала мәртебесі берілгені белгілі. Бұл тарихи оқиға қаланың дамуындағы бетбұрысты кезең болды деп айта аламыз.
Мегаполистердің басты ерекшеліктерінің бірі — халықтың қала аумағына шоғырлануы. Мемлекет басшысы Шымкент үшінші мегаполис болуы тиіс екенін текке айтқан жоқ. Оңтүстікте халық саны көп және бала туу көрсеткіші де жоғары. Мегаполис тұрғындарының саны миллионнан асты. Ал, халық санының көп болуы экономиканың да жоғарылауына өз әсерін тигізбей қоймайды. Мұндай жағдайда бәсекелестік артып, ақша айналымы көбейеді.
Осыған орай, қала аумағы да 117 мың гектарға ұлғайып, төртінші Қаратау ауданы қосылды. Оның аумағы — 33 319 гектар. Жаңа ауданның құрамына «Асар», «Қайтпас», «Нұрсәт» және жиырмаға жуық тұрғын алаптары кіреді. Бұдан бөлек Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан қосылған 40 елдімекеннің 145 мың тұрғыны қалалық атанды. Адам санының өсуіне байланысты бюджеттің де қаражаты көбейді.
Қазір Шымкенттің жаңа, кең тынысы ашылып, ол дамудың сапалық тұрғыда жаңа деңгейіне көтеріліп келеді. Алдағы онжылдықта Шымкент адам танымастай өзгеріп, мегаполис дейтін атына заты сай заманауи қалаға айналарына сенеміз. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің басшылығымен Шымкентті экономикасы қуатты, кәсіпкерлік пен өндірісі дамыған, өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз қала ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Атап айтар болсақ, алдағы 5 жылда Шымкентте 3 миллион шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Әкімдіктің жоспары бойынша Шымкентте 2025 жылға дейін 85 мектеп салынады. Оның кем дегенде 70 пайызы жеке инвесторлардың қаржысына бой көтермек. Олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Бұл үш ауысымды, апатты мектептердің проблемасын шешіп қана қоймай, қаладағы білім берудің сапасын арттыруға да оң ықпал етеді. Тап осы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесі медицина саласында да кеңінен қолданылуда. Бір ауыз сөзбен айтқанда, жақын келешекте Қазақстанның барлық өңірлерінен адамдар Шымкентке жұмыс істеуге, білім алуға, емделуге және саяхаттауға келіп, қаламыз шын мәнінде республикалық маңызға ие ірі орталыққа айналады.