Тәуелсіздікке 30 жыл: Тәуелсіздік алғаннан кейін білім мазмұнының нұсқалылығы жаңа үлгідегі білім беру ұйымдарымен қамтамасыз етіле бастады. Орта білім ұйымдарының желісі жеке мектептермен, лицейлермен, гимназиялармен, дарынды балаларға арналған арнаулы мектептермен толықты. Барлық сыныптар білім берудің жаңартылған мазмұнына көшірілді. Білім мазмұны жаңартылған 20 Назарбаев зияткерлік мектебі құрылды. Қазіргі уақытта дәл осы мектептердің тәжірибесі еліміздің бүкіл білім жүйесіне енгізіліп жатыр.
Қазақстан тәуелсіздігінің тағы бір жетістігі — Ұлттық білім сапасын бағалау жүйесінің құрылуы. Бұл ретте білім сапасын бағалаудың ішкі және халықаралық құралдар қолданылады. Қазақстандық оқушылар алған білімдеріндегі жетістіктерін тәуелсіз халықаралық бағалауға мүмкіндік беретін PISA, TIMSS, PIRLS сынды зерттеулерге де қатысады. 2017 жылдан информатика, физика, химия және биология сынды жаратылыстану-математика циклындағы (ЖМЦ) пәндер оқушылардың қалауы және педагогтардың дайындығына байланысты ағылшын тілінде оқытыла бастады. Бүгінде еліміздегі 525 мектепте ЖМЦ пәндері толықтай ағылшын тілінде жүргізілсе, тағы 3 814 мектепте мұндай білім беру элементтері енгізілген. Аталған пәндерді ағылшын тілінде оқитын оқушылар саны да жыл сайын артып келе жатыр.
2018 жылдан бастап алғаш рет мектеп түлектеріне Ұлттық бірыңғай тестілеуді ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік берілген.
2019 жылдың қыркүйегінен бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектептерге Аймақтану хрестоматиясы, сондай-ақ 5-7 сыныптарда «Қазақстан тарихы», «География», «Қазақ әдебиеті», «Музыка» пәндері бойынша қосымша құралы енгізілді.
2002 жылдан бері арнаулы білім берудің отандық жүйесінде алғаш рет білім берудің жаңа түрлері, атап айтқанда оңалту орталықтары мен психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері ашылды. Бүгінде мұндай 15 орталық пен 198 кабинет жұмыс істейді.