Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының «Цифрлық даму орталығы» мекемесінің мемлекеттік-жекешелік әріптестікті бақылау бөлімі – өңірдегі бейнекамералардың жұмысын бақылау және құқық бұзушылықтарды бейнебақылау арқылы анықтап, жергілікті полиция қызметкерлеріне хабарлаумен айналысады. Бүгінгі таңда облыс бойынша ахуалдық орталыққа жалпы 824 бейнекамера қосылған. Бұл жайында мекеме басшысы Талғат Әшірбеков БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Мекеме тарапынан облыс аумағында ауқымды шаралар жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылы өңірде ашылған 25 жаңа мектептің 23-і толықтай интернетпен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, облыстағы 806 мектеп пен балабақшаның бейнекамералары «Жедел басқару орталықтарына» сәтті интеграцияланды. Ал, техникалық қолдау бөлімі тарапынан өткен жылы өңірде барлығы 5 000 антивирустық бағдарлама орнатылып, 100 аппараттық-бағдарламалық кешен және 220 жалпы бейнебақылау камералары іске қосылды» – деді спикер.
Сонымен қатар, аталған мекеме басшысының орынбасары Жансая Алпамысованың айтуынша, облыс аумағында тәулік бойы тұрақты қызмет көрсететін 109-бірыңғай байланыс бөлімінде де өткен жылы ауқымды жұмыстар атқарылған. Мәселен, 2025 жылы орталыққа 162 320 өтінім түскен болса, 160 450-сы уақытылы орындалған. Ал, 2026 жылдың 17 сәуіріне дейін жалпы 54 828 өтініш тіркеліп, оның 54 320-сы уақытылы шешімін тапқан. Ал, 272 өтінім орындалу барысында.
Бейнебақылау жүйелерінің кеңеюі өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралдарының біріне айналып отыр. Ахуалдық орталық арқылы құқық бұзушылықтарды жедел анықтау және тиісті органдарға дер кезінде хабарлау оқиғаларға жедел әрекет ету деңгейін айтарлықтай арттырады.
Цифрлық инфрақұрылымның дамуы білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызмет көрсету салаларында да жаңа мүмкіндіктер ашуда. Интернетпен қамтылған мектептер мен біріктірілген бейнекамера жүйелері қауіпсіз орта қалыптастырып, бақылау мен басқару процестерін жеңілдетеді.
109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысы тұрғындармен кері байланысты нығайтып, олардың өтініштерін жедел өңдеуге жағдай жасап отыр. Бұл жүйе азаматтардың күнделікті мәселелерін шешуде ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта цифрландыру бағытындағы жобалардың кеңеюі Түркістан облысында «ақылды аймақ» моделін қалыптастыруға ықпал етіп, қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттік қызмет сапасын жаңа деңгейге көтереді.
