Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өңірдің өндірістік әлеуетін көтеру мақсатында облыстың барлық аудан және қалаларында 214 гектар аумақта 25 шағын өндірістік алаң құрылып, жаңа жобаларды іске қосу жұмыстары атқарылуда.
Шағын өндірістік парктерді іске асыру барысы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбекпен өткен жиында талқыланды. Жиын барысында жобаны іске асыру кезеңдері және инфрақұрылымдық қолдау мәселелері жеке-жеке қаралды. Аудан, қала әкімдері мен орынбасарлары атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Қанат Қайыпбек жауапты басшыларға бақылауды күшейтуді және жобалардың мерзімінде іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, шешуді міндеттеді.
Бүгінгі таңда 80-ге жуық өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Нәтижесінде 136,3 млрд теңгеге 32 жоба іске қосылды. Өндірістік ғимараттарда құрылыс материалдарын шығару, жиһаз өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, химия саласы, сондай-ақ дрондар, бейнекамералар және тұрмыстық техника өндірісі іске қосылмақ.
Жалпы бұл жобалардың инвестициялық құны 192 млрд теңгеге жетпек. Нәтижесінде 5 300-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылып, болжаммен жылына 96 млрд теңге импротты алмастыру өнімдері өндіріледі.
Шағын өндірістік парктерді дамыту өңір экономикасын күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлікті қолдауға мүмкіндік береді.
Аталған өндірістік парктер өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Кәсіпкерлер үшін дайын инфрақұрылымы бар алаңдардың ұсынылуы өндірісті тез іске қосуға, шығындарды азайтуға және бизнесті тиімді жүргізуге жол ашады. Бұл өз кезегінде инвестициялық тартымдылықты арттырып, өңірге жаңа инвесторларды тартуға ықпал етеді.
Сонымен қатар, өндірістік парктерде әртүрлі салалардың қатар дамуы экономиканың әртараптануына негіз болады. Бір алаңда бірнеше бағыттағы кәсіпорындардың жұмыс істеуі кооперациялық байланыстарды күшейтіп, жергілікті өндіріс тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде ішкі нарықтағы өнім көлемі артып, отандық өндіріс қарқыны жеделдейді.
Жобаларды іске асыру барысында инфрақұрылым мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Электр энергиясы, газ, су және жол желілерімен толық қамтамасыз етілген өндірістік алаңдар кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. Бұл өндіріс тиімділігін арттырып, жаңа кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне негіз болады. Жалпы, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл бастама аймақтың индустриялық дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Алдағы уақытта өндірістік парктердің саны артып, іске қосылатын жобалар көбейген сайын өңір экономикасының қарқыны күшейіп, халықтың әл-ауқаты да арта түспек.
