Ақпарат Жаңалықтар Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АГРОӨНЕРКӘСІП ЖОБАЛАРЫНЫҢ ІСКЕ АСУ БАРЫСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Түркістан облысына іс-сапармен келген болатын. Сапар барысында сенаторлар Келес және Шардара аудандарында болды. Іс-шараға комитет төрағасы Әли Бектаев, комитет мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев қатысты.

Сенаторлар алдымен Келестегі «Ecoculture-Eurasia» ЖШС-ның жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. 51,88 гектар аумақта орналасқан кешеннің жылдық қуаттылығы – 27 мың тонна көкөніс. Биыл оның 21 гектарын іске қосу жоспарланған. Жылыжайда 800 жұмыс орны құрылып, қызметкерлер үшін оқыту және тағылымдамадан өткізу жүйесі жолға қойылған. Негізгі өнім – қызанақ. Алдағы уақытта қызанақтың ірі және ұсақ жемісті сорттарын қатар өсіру көзделуде.

Сонымен қатар, комитет мүшелері Шардара ауданындағы «Казкрахмал» ЖШС- ның жұмысымен танысты. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін бұл кешен 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Онда 550 жұмыс орны ашылып, крахмал өнімдері өндіріледі. Жоба ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, тұрақты экспортты арттыруға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған. Бүгінде зауытта жүгеріні қабылдап, кептіру кешенінің және жүгері дәнін сақтау қоймаларының құрылысы аяқталған.

Бұл сапардың нәтижесі бойынша сенаторлар Түркістан облысындағы агроөнеркәсіп саласының даму жолында маңызды қадамдардың жасалып жатқанын атап өтті. Жалпы, агроөнеркәсіп жобалары облыстың экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыруға бағытталған. Олардың айтуынша, бұл жобалар тек ауыл шаруашылығын ғана емес, сонымен қатар өңдеу өнеркәсібін де дамытады, бұл өз кезегінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сыртқы нарыққа шығуға мүмкіндік береді.

Келес ауданындағы «Ecoculture-Eurasia» ЖШС жылыжай кешені мен Шардара ауданындағы «Казкрахмал» зауытының жобалары облыс үшін маңызды. Жылыжай кешені еліміздің көкөніс өнімдеріне деген сұранысын толықтырып, аграрлық секторды технологиялық тұрғыдан жаңартуға көмектеседі. Ал «Казкрахмал» зауытының іске қосылуы қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде жаңа мүмкіндіктер туғызады, бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығына салынған инвестициялардың қайтарымдылығын арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта осы жобалардың аясында қосымша зерттеу және даму жұмыстарын жүргізу қажет. Өндірістік қуаттылықты арттыру, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықаралық нарыққа шығу үшін жаңашыл технологиялар мен басқару әдістерін енгізу өте маңызды. Түркістан облысындағы осы сияқты жобалар мен шаралар еліміздің аграрлық саясатының тиімді жүзеге асуына оң ықпал етуде.

Қатысты жаңалықтар

ТӨЛЕБИЛІК КӘСІПКЕР ТОҒАНДАРДА 80 ТОННАҒА ЖУЫҚ БАЛЫҚ ШАБАҚТАРЫН ӨСІРІП ОТЫР

azatmedia

ШЫМКЕНТТЕ РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ АВТОКӨЛІК ШЕРУІ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ АРҚЫЛЫ 28 ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

azatmedia