Ақпарат Басты жаңалықтар Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ МЕН МАҚТААРАЛДА АҒЫН СУДЫ МОЛАЙТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСАДЫ

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Жетісай және Мақтаарал ауданына жасаған жұмыс сапарында ағын су мәселесіне тоқталып, осы бағыттағы жұмыстарды саралады. Өйткені осы аймақтардың тұрғындардан түсетін өтініштердің бір бөлігі ағын суға байланысты.

Өңір басшысы Жетісайдағы Тік дренажды ұңғымаларды пайдалану өндірістік бөлімшесінде болып, шаруалармен кездесті. Бұл бөлімше Жетісай мен Мақтаарал аудандарындағы суармалы егістік алқаптарының ирригациялық-мелиоративтік жағдайын жақсарту, жер асты суының деңгейін бір қалыпты жағдайда ұстау, жердің тұздану мөлшерін азайтумен айналысады. Өңір басшысы аудандағы елге аса қажетті әрі стратегиялық маңызы бар каналдар мен су нысандарының құрылысын сапалы жүргізу, елдің сұранысына сай жаңа жобаларды бюджетке ұсыну жұмыстары бір сәт тоқтамауы тиіс екенін жеткізді.

Жетісай және Мақтаарал аудандары бойынша 731 тік дренажды ұңғыма бар болса, оның 392-сі Жетісай ауданына қарасты. Бүгінгі таңда Жетісай ауданында 170 дана тік дренажды ұңғыма жұмысқа жарамды. Қызылқұм, Ш.Ділдәбеков, Мақталы, Ж.Ералиев, Абай, Ынтымақ ауылдық округтерінде мәселе өзекті. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалына қарасты «Тік дренажды ұңғымаларды пайдалану» өндірістік бөлімшесі есебінде Мақтарал, Жетісай аудандар бойынша тік дренаждардың саны – 360 дана.

Соның ішінде: 318 данасы жұмысқа жарамды, ал 42 данасы қайтадан қалпына келтіруді қажет етеді. 360 дана тік дренажды ұңғыма 72205,6 га суармалы жердің жер асты суларының деңгейін төмендетіп, топырақтың құнарлылығын жақсартады. Мақтарал ауданы аумағында ПУИД-2 жобасы арқылы 150 дана тік дренаждардың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ол жұмысқа қосылған жағдайда 45786 га жердің құнарлылығын арттырады. Жетісай ауданы, Асық-ата өңіріндегі жобаланған 210 дана тік дренаж іске қосылған жағдайда 18008,4 га суармалы жердің жағдайы жақсарады. Тік дренаждардың жобалау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптамаға тапсырылған.

Жоспар бойынша жұмыс 2022 жылдың төртінші тоқсанында басталуы керек. Шаруалармен, су саласы мамандарымен кездесуде К-30 шаруашылық каналын гидротехникалық имараттарымен, автоматтандырылған су есептегіш және су таратқыштарымен қайта құру жобасы да талқыланды. К-30 каналы «Достық» республикааралық магистралды каналынан бастау алып, жалпы Жетісай ауданындағы 4 елді мекендегі 13034 га жерді сумен қамтамасыз етуге негізделген. Қазір жұмыстың 59 пайызы аяқталған.

Бүгінгі таңға құрылыс материалдарының құны күрт өсу салдарынан жобаға қосымша қаржы қажеттілігі туындаған. Тапсырыс беруші тарапынан қаржы министірлігіне толық құжаттар әзірленіп, жұмыстар атқарылып жатыр. Өмірзақ Шөкеев ағын су мәселесі мыңдаған тұрғын үшін аса өзекті екенін айта келе, су нысандары уақтылы тапсырылуы тиіс екенін айтты. Қос аудан басшысына тапсырыс берушімен және мердігермен бірге осы бағытта жұмысты ширатуды тапсырды.

Қатысты жаңалықтар

Патерналистік үлгінің ерекшелігі

azatmedia

«AMANAT» ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ АЛАҢЫНДА СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ТҰРҒЫНДАРДЫ ТЫҢДАДЫ

azatmedia

Қазығұрттағы жан түршігерлік жағдайға қатысты тың дерек шықты

azatmedia