Түркістан облысы, Жетісай ауданында жүзім шаруашылығы дамып келеді. Бұл сала аудан экономикасының маңызды бір бөлігін құрайды және аграрлық секторды дамытуда ерекше рөл атқаруда. Осы саладағы үздіктердің бірі – Жылы су ауылдық округінде орналасқан «Erte-Agro» ЖШС. Шаруа қожалығы өз қызметін бастауынан бері айтарлықтай жетістіктерге жетіп, өндірістік мүмкіндіктерін кеңейту арқылы жүзім өндірісін арттырды. Аталмыш шаруа қожалықтағы жүзім өнімдері республика төңірегінде сатылымға шығарылып, жергілікті нарықта жоғары сұранысқа ие болуда. Аудан басшысы Серік Мамытов шаруамен кездесіп, мемлекеттік қолдаулар туралы түсіндірді. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын қолдау және кәсіпкерлікті дамыту бойынша көптеген тиімді бағдарламалар бар.
«Шаруа қожалығымыз өз негізін 2017 жылы қалады. 2018 жылы арнайы Украина мемлекетінен «Аркадия», «Лидия», «Байқоңыр», «Анюта», «Велес», «Кодрянка», «Преображение», «Академик», «Дубовский» сынды 9 жүзім сортының көшетін алдырып, 40 гектар алқапқа отырғызып шықтық. Алқапқа егілген жүзімнің барлығы асханалық сортқа тиесілі. Жүзімнің бұл сорттары жоғары сапалы әрі дәмді, сондықтан олар нарықта үлкен сұранысқа ие. Жүзім бағымызға тамшылатып суғару әдісін қолданамыз. Бұл су үнемдеу жүйесі жүзімнің жақсы өсуін қамтамасыз етіп, өнім сапасын арттырады. Өндірілген өнімді қазіргі таңда облыс орталығы Түркістан қаласы мен мегополис Шымкент қаласына жөнелтіп жатырмыз. Өнімнің Түркістан және Шымкент қалалары арқылы республика бойынша таралуы нарықта үлкен сұранысқа ие болуына себепші болып отыр. Жетісайдың жүзімі қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие. Ол Қазақстанның барлық аймақтарына таратылып, тұтынушылар арасында танымал болып келеді.
Жүзім шаруашылығында бүгінде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл жергілікті тұрғындар үшін тұрақты табыс көзі болып табылады, сондай-ақ ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді. Айлық жалақы да, жылдық өнім де жаман емес. Нарықта сұраныс артса, баға жоғарылайды, жалақы өседі. Бұл шаруа қожалығының жұмысшылары үшін тұрақты жұмыспен қамту мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына мүмкіндік береді. Айта кетейік, бүгінде ауданда жалпы аумағы 466,8 гектар жерге жүзімнің «Киш-миш», «Тайфи розовый», «Гузаль қара» және «Мускат Александровка», «Султанка белый», «Королева Винаградников» сорттары егіліп, жергілікті базарлар мен көршілес аудандардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Осы жүзім сорттары тек Жетісай ауданында ғана емес, еліміздің басқа аймақтарында да үлкен сұранысқа ие, бұл шаруашылықтың бәсекеге қабілеттілігін арттырып отыр.