Қоғам

Масылдық апармас алысқа…

Қазақ отбасылық өмірді есеп-қисапқа салмаған. Баласының санын айтпаған. «Біреуді көріп бүкір боп, біреуді көріп шүкір боп» жүретін жүрісінен де жаңыла қойған жоқ. Байлардың мұңы әу бастан аз. Ал кедейлерді кім көзге іліп жатыр? Осындай мұқтаж топтың мүддесін қорғайтын жаңа бағдарлама оларды шынымен жарылқады ма? Төрт баласы үшін 10 405 теңге, алты-жеті баласы үшін 16 160 теңге алып келген аналарға әр балаға 21 мың теңге берілетіні бір серпілткені рас. Жасыратыны жоқ, көпбалалы отбасылардың қоғамда беделі артып, жастар жағы оларға қызыға қарап, көптің көкейінде көбеюге деген сезім күшейіп, отбасылық құндылықтың маңызы артқандай болып еді… Ал енді мұның арты неге «ай­қайға» ұласты? «Екі жеп, биге шы­ғамын» деген пиғыл қайдан пайда болды? Жәрдемақыны көтеру масылдық туғызып жүрмей ме? Жыр болған жиырма бір мыңның есеп-қисабы қалай жүреді? Шетелде көпбалалы отбасылар мәселесі қалай шешілген? Бір бағдарламаның айнала­сында өрбіген көп сұрақтың жауа­бын іздеп көрдік.

АӘК кімдерге тиесілі?

Қолда бар мәліметке сүйеніп, 21 мың теңге қалай есептелетініне тоқталайық. Біріншіден, бұл төлем көпбалалы отбасылардың барлы­ғына бірдей берілмейді. Әлеуметтің ең әлсіз топтарына ғана арналған жәрдемақыны есептеудің маша­қаты да аз емес. Атаулы әлеуметтік көмек отбасының ортақ табысы жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспай­тындарға беріледі.

Бұл көмек нақты қалай есеп­тел­ді? Төрт баласы барлар көпба­лалы отбасылардың қатарына жатады. Олар толық отбасы болса, бұл атаулы әлеуметтік көмекті алуы үшін 124 734 теңгеден көп табыс таппауы керек. Ал 125 мың теңге жалақы алсаңыз, жәрдемақы жоқ дей беріңіз.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігіндегі әлеу­меттік көмек саясатын дамыту де­парта­мен­тінің бас сарапшысы Ғалия Жа­бағина атаулы әлеуметтік кө­мек­тің шартты және шартсыз боп екіге бөлінетінін айтады. Ма­ман­ның айтуынша, шартсыз атау­лы әлеу­меттік көмек отбасында ең­бек­ке қабілетті мүшесі жоқтарға беріледі.

– Шартты атаулы әлеуметтік көмек берілгенде арнайы шарт қойылады. Отбасындағы еңбекке қабілетті азамат міндетті түрде жұмысқа орналасуы керек. Бұл – «қиыншылыққа толы өмірден арылу үшін мемлекет сізге қолдау көрсетіп тұр. Енді сіз де өз үлесі­ңізді қосыңыз» деген ұстаным. Ол үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына барып өтініш жазады. Онда үш ай тегін курс оқып, ай сайын 16 759 теңге шәкіртақы алып отырады. Ары қарай жұмысқа орналасуын қарастырады. Оларға үйде отырып қашықтықтан жұмыс істейтін жұмыстар да ұсынылуы мүмкін, – дейді Ғалия Мырза­бекқызы.

 

43 тауар
қырық жанымызға қорған бола ма?

Осы жерде ең төменгі күнкөріс деңгейіне тоқтай кетуді жөн са­на­дық. Өйткені жан басына есепте­летін жәрдемақы мәселесінде де бұл тақырыпты айналып өту мүм­кін емес. Соңғы кездері Қазақстан­дағы ең төменгі күнкөріс деңге­йінің уақыт талабына сай емес екенін сарапшы мамандар жиі айтып жүр. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жалақының ең төменгi мөлшерi – 42 500 теңгені құраса, статистика агенттігі күн­көріс минимумын 29 689 теңге деп белгіледі. Демек, адам бір ай бойы осы ақшаға еркін өмір сүре алады деген сөз.

Шынтуайтында, бұл 30 мың қалталы адамның бір шай іш­кенінен немесе киімінен артыл­майды. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар үшін бұл қаржы 43 тауар мен қызмет түрінің бағасы деп белгіленді. Оның ішінде ет пен балық, сүт, май және жұмыртқа, жемістер мен көкөністер, нан және жарма өнімдері, қант, шай және дәмдеуіштер бар.

Әлемдегі әрбір мемлекет өз тұрғындарының ең төменгі күн­көріс деңгейін белгілеу барысында азық-түлік себетін әртүрлі өнім­дермен толтырған. Мәселен, Ре­сейде ең төменгі деңгейде өмір сүру үшін ай сайын 156 түрлі тауар мен қызмет түрі қажет деп есеп­теледі. АҚШ-та бұл көрсеткіш – 300, Францияда – 250, Англия­да – 350, Германияда 475-ті құрайды.

Тіпті, Ресейдің күнкөріс ми­нимумы белгіленгенде әр адам үшін 18 шаршы метрлік өлшемдегі баспана шығыны қоса есептелген. Оның сыртында арнайы мәдени орындарға бару ақысы тағы бар. Бұл ел ең тұрмысы төмен халықтың өзінің мәдени орындарға барып, көңіл көтеруге, демалуға хақысы бар екенін білдіріп тұр.

Белгілі экономист Жангелді Шымшықов бұл 43 тауардың біздің қырық жанымызға қорған бол­майтынын айтады. «Біздегі күн­кө­рістің ең төменгі сатысындағы азық-түлік тұтыну себетінде бар болғаны 43 түрлі тағам мен қызмет түрі бар. Олардың 40 пайызы – азық-түлік өнімдері. Сонда біз тек тамақ жей беретін елміз бе? Оның өзіне жеткіліксіз. Ал мына жәр­демақыны беру арқылы біз екі нәр­­седен ұтамыз. Біріншіден, ел де­мо­графиясын көбейтсек, екін­ші­ден, қайыршылық деңгейден ары­ла­мыз. Өйткені бұл көмекті әлеу­мет­тің ең аз қамтылған тобына бері­леді десек те, сол 21 мыңды жым­қы­рып қалғысы келетіндердің қата­ры көбейіп отыр. Неге? Бұл қан­ша жылдан бері көпшіліктің жинақталып келген қайыршы­лық психологиясын көрсетіп тұр. Бұл – қазақ халқының трагедиясы» дейді ол.

Кім үшін көбейеміз?

Әлеуметтік көмек көпшілікте талқылана бастағаннан-ақ «Балаға берілетін жәрдемақы үшін бала табатындар көп» деген жадағай пікірлер де бой көтерді. Бұл рас па? Рас болса, бұл халықтың әлеуметтік жағдайының тым төмендігін көрсетпей ме?

Бүгінде АӘК-ті еліміз бойын­ша 291 мың отбасы алып отыр. Соң­ғы үш жылдың ішінде 330 қыл­мыс қозғалған. Биылдың өзінде та­бы­сын дұрыс көрсетпеген, мем­ле­кетке алған ақшасын қайтаруы тиіс 21 мың отбасы бар. Олардың басым бөлігі жобаның дайындық­сыз басталып кеткенінің зардабын тартып отыр. Яғни, бұл жерде түсіндіру жұмыстарының аздығы мен мамандардың шикі жұмы­сы­ның әсері де болған. Бүгінде мем­лекетке берешек боп қалған көп отбасылар: «Бізді келіп тек­серді, сіздер бұл көмекті аласыздар деді. Енді кеп, қайтаруымызды та­лап етіп отыр» деп мұңын ша­ғады. Ал енді бір топ шаруашылық табысын жасырғаннан, еңбека­қысы туралы табысты әдейі дұрыс көрсетпе­геннен сотқа сүйрелуге мәжбүр.

– Біз билікке наразы азамат­тарға зерттеу жасағанда көбінде тұрақ­тылық жоқ екенін байқадық. Жұ­мыссыз жүрген кісілерге жұмыс та­­уып берсең, істемейді. Себебі олар өзін бір жерде тұрақты қалып­тастырып үйренбеген. Тағы бір себебі мемлекет адамдарды тұрмы­сына қарай екіге бөліп тұр. «Жағ­дайы жоқтарға көмектесеміз» дей­­ді. Қоғамды екіге бөліп қара­ған­­дық­тан, бөлінудің ішіне ілесіп ке­ту – даму деңгейі төмен адам­дар­ға өте қолайлы. «Мен де алып қа­лайын» деген масылдық көз­қа­рас пайда бола бастағаны да рас, – дейді психолог Серікгүл Салиқызы.

Жалпы, еліміз бойынша 340 377 көпбалалы отбасы бар. Көп­балалы отбасылары саны жа­ғынан алдыңғы орында – Түркіс­тан облысы (86 585) тұрса, одан кейінгі кезекте Алматы облысы (40 218) мен Жам­был облысы (30 040) тұр. Көбеюден көпке үлгі бола ал­май отырған аймақтардың қата­рына Қостанай облысы (5 086) мен Солтүстік Қа­зақстан облысын (3 183) жатқызуға болады. Әлеу­меттанушы Амангелді Құрмет – бұл көмекті көпбалалы отба­сыларды бөліп-жармай беруін қолдайтындардың қатарында. «Бұл көмекті өте қалталы азаматтар алуға мұқтаж боп отыр дей алмас едім. Ал өз еңбектерімен орта тап қалыптастыруға ұмтылған көпба­лалы отбасылардан да бұл көмекті аянып қалуға болмайды. Меніңше, бұл жерде әлеуметтік теңсіздік қалыптастырғаннан көрі, «Егер ер-азаматтарыңыз мемлекетке са­лық төлейтін тұрақты жұмыс істей­тін болса, бұл көмекті барлық көпбалалы отбасыларға береміз» деген талаппен, жаппай жүзеге асыруға болады» дейді.

Шетелде көпбалалы отбасылар мәселесі қалай шешілген?

Өзге елдің әлеуметтік қолда­уына көз қыздырмаймыз. Десек те, дамыған елдердің демеуі мен біздегі айырмашылықтың аражігі қандай? Мәселен, Францияда көп­балалы отбасын қолдау және жәр­демдесу мақсатында 1921 жы­лы қабыл­дан­ған «Үлкен отбасы» мемлекеттік бағдарламасы табыс­ты жұмыс істейді. Бала саны кө­бей­ген сайын салық азая береді. Мы­салы, төрт баласы бар отбасы салықтан мүлде босатылады. Бұл жеңілдік бай-кедей деп бөлмей, ел азаматтарына түгел таралған. Ал Швецияда бұл топтағы отбасы­лар­ды пәтерақы төлеуден босатып, мек­тепке дейінгі балалар мекеме­леріне тегін қатыс­тырады. Сондай-ақ азық-түлікті тегін алуға арнайы талон беріледі. Біріккен Араб Әмірлігінде шаңырақ көтерген жас отбасына елдің неке қорынан әрқайсысына 20 мың доллар өсім­сіз несие беріледі. Бұл қаржыны қай­тару міндет емес, себебі тұңғыш бала туған бойда бұл қарыз бірден кешіріледі.

Дегенмен жәрдемақысы жо­ғары елдерде бағаның қаншалықты төмен екені бізге белгісіз. Бірақ Финляндия, Корея секілді елдерде, әсіресе, Қытайда бала туғанға мүлдем жәрдемақы берілмейтінін білеміз. Тіпті, бала санын шектеп отырған елдер де бар.

Бізге белгілісі, қай істе де ха­лық­тың көптігі маңызды.

Г.Рахман

Қатысты жаңалықтар

Дәстүрлі құндылықтар және рухани тәрбие сабақтастығы

azatmedia

Түркістанда емтиханнан кейін асылып қалған оқушының телефонынан хат табылды (видео)

azatmedia

Ерекше қажеттілігі бар адамдармен қарым-қатынасты қалай дұрыс жасаймыз?

azatmedia