Қоғам

Масылдық – қоғам індеті

Мәңгілік мемлекеттіліктің, ұлттық өрлеудің, экономикалық дамудың бір жауы – масылдық. Оның түр-түрі болады. Мемле­кеттің «мұнай секторына масыл­дығы» деген ұғым бар. Болмаса, тендерде пара тіленетін дүние­қоңыз, пайдакүнем шенеунік бизнеске масыл болуы мүмкін. Бұл кеселдің тағы бір аса қауіпті әрі ауқымды сипаты – әлеумет­тік масылдық. Жұртшылығы жаппай масылдыққа бой ұрған ел жарқын болашағының негізін өзі қалай алмай, өзгеге жем болады.

Жалпы, қазір сөз болып жүрген көп түйткілдің, қолға алынып жатқан көп бастаманың дәйектемесін басқа жақ­тан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін де ұлы Абайдан табуға болады. Адамзаттың кемеңгері өсиет еткен «талап, еңбек, терең ой» – қазір де аса қажет, қат, алда да ешқашан бағасын жоғалтпайтын құндылықтар.

Технологиясы ғарыштық жылдам­дықпен түрленген, мүмкіндіктерімен бірге сын-қатерлерін де қатар ала келген қазіргі заманда Қазақстан халқы терең ойлы, еңбекте табанды, сөзде сындарлы, істе төзімді, қимылда ұтқыр және жаңашылдыққа ұмтылған ұлттың жаңа бейнесін қалыптастыра алмаса, шың басындағы дамыған елдердің аз шоғырына ғасыр ортасында да қосыла алмайды.

Демек, қазақстандықтарды бала­бақ­шадан, орта білім ордасы қабырға­сынан бастап, адал еңбекке баулу, ма­сылдықтан жиренту міндеті тұр. Осы тәр­биені өркендету үшін оқу орын­да­рындағы бағдарламалардың мазмұнын қайта қарау да артық болмас еді.

Бұл ретте келесі 2020 жылы 175 жыл­дығы кең көлемде атап өтілгелі отыр­ған ұлы ойшылымыз, ұлт ағарту­шысы Абай Құнанбайұлының даналығы бізге бағдар бола алады.

«Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау! Еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамай­ды», – дейді Абай.

Елбасы айтқандай, ұлы Абайдың Батыс пен Шығыс ғұламаларын ақтара-ақтара келіп, тапқан түйіні: Құдайдың өзі де рас, сөзі де рас; ол ешкімге арам бол, қанішер бол, масыл бол деген емес; ендеше, Құдайға құлақ аспай, құлық түзелмейді; құлық түзелмей тұрып, құлқын арам ішкенін қоймайды; адалға жүрмей, адам түзелмейді; адам түзелмей, қоғам түзелмейді; халық түзелу үшін әркім жеке-жеке өзін-өзі түзеуі керек. Ол үшін «қуанбасқа қуанып, ұялмасқа ұялатынды» қою керек. Одан арыл­татын жалғыз дауа – еңбек.

Абайдың ұғымында: «Еңбек та­нымды арттырады. Еңбек естіген нәр­сені бекіте түседі. Адам алған білімін ретке келтіреді, керектіні керексізден сұрыптап, ақылды болады». Сондықтан да ол еңбекті – барша игіліктің негізі, ал оған деген сүйіспеншілікті – адам­дық өмірдің басты мәні мен мақсаты деп санайды. Керісінше, жалқаулық­ты – барша қырсықтың, одан туын­дай­тын жарамсақтықты – барша қиянат­тың, мақтаншақтықты – түзелуден үмітін үзген бейшаралықтың түп атасы деп түсіндіреді. Халықты «түзелмей­тін қайыршыға» айналдырмайтын амал – «егін, сауда, кәсіп, ғылым» деп біледі. Ол тек ыждаһат пен ынта бар жерде ғана жүзеге асады.

«Құдай Тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсай­мысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол. Бұл – Құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік. Хош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды», – деп күйіне, қамыға, бірақ ғибрат ете жазды сонау 1892 жылы ұлы Абай (Қара сөздер. Оныншы сөз).

Бұл кесірлі «қасиеттер» қазір де адамдар бойында жоқ деп айта алмаймыз. Қоғамды кеулей түспесе, кеми түспеген.

Данышпан бұдан ертерек, 1891 жылы хатқа түсірілген алтыншы сөзінде де масылдықты мінейді:

«Қазақ айтады: «Бірлік болмай тірлік болмайды» деп. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ор­тақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, мал­ға бірлік емес. Малыңды беріп отыр­саң, атасы басқа, діні басқа, күні бас­қа­лар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай-ақ бірлік қылса ке­рек, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді. Әйтпесе, Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді… «Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеуде­ден шықпағандық па? Жоқ, ондай тір­лік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қор­ғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтыл­ған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады», – дей келе, Абай адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қылуға шақырады.

Қазіргі күрделі, аунақшымалы, аумалы-төкпелі заманда халықтың ­әл-ауқатын көтеру, кедейшілікпен күрес – тек байлық-бақуаты бар, еңсесі тік, әлеуеті зор елдердің ғана қолынан келеді. Бүгінде Қазақстан халық тұрмысын жақсартуға бағытталған саналуан әлеуметтік қамқорлық шараларын жүзеге асыруда.

– Үкіметтен бастап, жергілікті әкімдерге дейінгі барлық мемлекеттік органдардың жұмысын күшейткен маңызды. Кедейлік деңгейін одан ары төмендетіп, жұмыссыздықтың өсуін тежеген жөн. Бұл ретте масылдық пи­ғылдың өрістеуіне жол бермеу ма­ңыз­ды. Мемлекеттік көмек алушылардың барлығы үшін жұмыспен қамту және әлеу­меттік бейімделуге көмектесетін бағ­дарламаларға міндетті қатысу тура­лы ереже енгізу керек, – деп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан бес жыл бұрын өз Жолдауында міндет қойды.

Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұш­қан бақуатты мемлекетке айналу үшін де масылдық психологиядан арылып, жұмыла еңбек ету керек. Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеясын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев одан ары ілгерілетуде.

Биылғы 2 сәуірде Aiqyn (Айқын) газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы азаматтар, әсіресе, жас буын Абай айтқан бес асыл іске берік – та­лапшыл, еңбекшіл, ойшыл, қанағат­шыл, рақымшыл болса, онда ел бола­шағы жарқын, жұлдызы жоғары болатынына сенім білдірді.

– Біз өмір сүріп отырған дәуірдің табиғаты мың құбылмалы. Жаһандық бәсекелестік жағдайында өз мүддемізді қорғауға, өз мақсатымызға жетуге ұм­тыл­масақ, жедел алға баспасақ көп нәр­седен ұтыларымыз анық. Мына дә­уір еркелікті, жалқаулық пен ма­сыл­дықты, немқұрайлылықты көтер­мейді. Төртінші өнеркәсіптік револю­ция кезе­ңінде, жоғары технологиялық, цифрлы кеңістікте жаһандық дамудан 10 жыл артта қалсақ, 100 жыл оның орнын тол­тыра алмайтынымызды естен шығар­майық, – деп байлам түйді Қ.Тоқаев.

Ел Президенті әртүрлі жиындар­дағы сөзінде де елді еңбекке үндеп келеді. Мәселен, осы жылғы 15 шілде­дегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы кейбір қазақстандықтардың мемлекеттен әлеуметтік төлем алу үшін жалған ажырасу, жұмыстан кету, мүлкін бас­қаның атына тіркеу арқылы табысын жасыру, қолдағы малын сойып тастау секілді адал емес әрекеттерге барып, масылдық пен қулыққа жүгінетініне қынжылыс білдіре келе, Үкіметке мем­лекеттік қолдауды тек соған шынымен мұқтаж адамдарға ғана көрсетуді қадап тапсырды.

– Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Адам капиталына, білім саласына қо­йылатын талаптар мүлдем өзгеше. Са­палы білім қарқынды дамудың бас­ты шартына айналды. Ұлы Абай үнемі сынға алған масылдық қоғамға ешқа­шан жақсылық әкелген емес. Соны түсінетін жастарымыз тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы жа­қында, 16 тамызда Bіlіm jáne Ǵylym! тамыз конференциясы мінберінен.

Сарапшылардың тұжырым­да­уынша, әлеуметтік саясаттың масыл­дыққа соқтыруы дамыған елдерге де зиян-зардап әкелуде. Бүгінде еуро­палық елдер ішіндегі ең дәулеттісі саналатын Ұлыбританияда 1975 жылы әлеуметтік шиеленісті төмендетіп, халықтың билікке қарсы шығуының алдын алу үшін Спинхемленд заңы қабылданған. Ол заң билікті өзгермелі шкала бойынша табысы аз кедейлердің жалақысына белгілі бір сома қосып отыруға міндеттеді. Бұл жаппай масылдық тудырып, ХХ ғасыр соңына қарай ағылшындар елінде экономи­калық құлдырауға, бұқараның жаппай қайыршылануына, өндірістің ең төменгі деңгейге дейін құлауына соқтырды. Еңбек нарығы күйреп, еңбекақы күнкөріс шегінен төмен түсіп кетті. Толыққанды жұмысшылар ақыры «пауперге» (pauper – аз қамтыл­ған, тақыр кедей) айналдырды. Ұлы­британия әлгі «ізгі» заңның салдар­ы­мен 40 жылдай күрескен.

Скандинавия елдерінде әлеуметтік қорғау жүйесі әлемдегі ең дамыған санатында. Оларда тегін білім беру, жалпыға бірдей денсаулық сақтау, мемлекеттік зейнетақы төлеу сыртында қосымша қолдау шаралары жүзеге асырылады: жұмыссыздарға қомақты төлем ұсынылады, зейнеткерлікке мерзімінен бұрын шығуға мүмкіндік беріледі. Алайда бұл жүйе еңбекақы қорына масыл болып отыр. Сканди­навия елдерінде жеке және заңды тұл­ғаларға әлемдегі ең жоғары салықтар салынады. Мәселен, қазір қазақ­стан­дықтар өз табысының 10 пайыздайын ғана салыққа аударса, тағы 10 пайызын зейнетақы қорына жолдаса, ал Шве­цияда азаматтар өз тапқанының жар­тысына жуығын тек салыққа береді. Бірақ бұл елде бірде бір адам салықтан жалтармайды. Айталық, www.allabolag.se порталына компания не салық тө­леу­ші атын енгізсеңіз, кімнің қанша таба­тынын және төлейтінін білуге болады.

Испанияда да әлеуметтік жүйе жұмыссыз адамға орташа жалақының 70%-ынан жоғары көлемде жәрдемақы төленуін кепілдендіреді. Ал екі қолға бір күрек іздеген испандықтарға ұсы­нылған қызметтерден еш шектеусіз бас тарта беруге рұқсат етіледі. Салдарынан, бұл елде жастардың 36 пайызы білімі мен білігі бола тұра, жұмыс жасаудан бас тартады. Жас испандықтар жұмыс­сыздық жәрдемақысын місе тұтып, өз өмірін ретке келтіруге асықпайды: көпшілігінде 30-35 жасқа дейін ата-анасының қолында тұра береді. Кесі­рінен, Испанияда некеге отырушылар саны жыл сайын кемуде.

Масылдық проблемасына Еуро­одақтың көшбасшылары Германия мен Франция да, АҚШ та, өзге дамыған елдер де маңдай соғуда.

Масылдық – қоғам індеті. Ол ұлт­тың деградацияға ұшырауына түрткі болады, алға басқан мемлекетті кері тартады. Ендеше, ұлтты ол кесірден арылту – тәуелсіздікті тұғырлы, өркен­деуді өрісті етудің шарты болмақ.

А.Шәріп

 

Қатысты жаңалықтар

Қазығұртта мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді

azatmedia

Масылдық неге өршіп кетті?

azatmedia

Шанақ ауылдық округі 100 пайыз ауыз сумен қамтылады

azatmedia