Қоғам

Білім саласында да біраз өзгерістер бар

Заман ағымына қарай заң да, қоғам да өзгеріп отырады. Елімізде де елеулі өзгерістер орын алып, түрлі саяси реформалар қолға алынып жатыр. Халықтың қалауымен, елдің атсалысуымен болып жатқан өзгерістерді бір сөзбен заман талабы деуге болады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жүйе ең алдымен әділеттілікке құралған, көпшіліктің көңілінен шығатындай болуы керек екенін айтты. Ол үшін заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айта келе: «Бізде біраз жылдан бері келе жатқан қателіктер бар. Солардың бәрі қазір ашылып, жөнделіп жатыр» деді. 

Жалпы, «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан», «Заңның үстемдігі» деген үш қағида елдің болашағын қалыптастырады. Ең бірінші Президенттің бүкілхалықтық референдум жасағаны, Конституцияға, конституциялық заңдарға өзгерістер енгізгені, мұның бәрі біздің мемлекеттің жоспарлы түрде, белгіленген қарқынмен алға жылжып келе жатқанын көрсетеді. 

Жолдауда айтылған бастамалар орындала бастағанын аңғару қиын емес. Әсіресе, оның жүзеге аса бастағанын кешегі өткен сайлаудан анық аңғаруға болады. Сондай-ақ, сыртқа заңсыз кеткен активтердің елге қайтарыла бастағаны да жаңа реформаның жемісі деуге болады. 

Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары халық игілігіне бағытталған. Биылғы саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындап отыр. Қаңтар қасіреті кезіндегі тәртіпсіздіктер де елге түбегейлі реформа қажет екенін аңғартты. Содан да болар, биыл Қазақстанның саяси аренасында біраз өзгеріс болды десек, артық айтқандық емес. Мұның бәрі халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру мақсатында жасалып жатқан қадам екені сөзсіз. 

Елдегі саяси болсын, экономикалық болсын реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр.

Соңғы кездері қолға алынған игі істерді айтқанда, еліміздегі әкімшілік-аумақтық өзгерістерді айтпай кетуге болмас. Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылып, аумақтық шекаралары нақтыланды. Бұл да Мемлекет басшысының негізгі реформаларының бірі ретінде айтылып жүр. Жалпы, ел экономикасының қарқынды дамуы үшін барлық аймақ бірдей дамуы тиіс. Сондықтан Мемлекет басшысы үш жаңа облыс құруды ұсынды. Жаңа облыстардың құрылуын көпшілік жылы қабылдады. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында үш жаңа облыс, атап айтқанда, Семей өңірінде – Абай облысы, Жезқазған өңірінде – Ұлытау облысы, Алматы облысы өңірінде – Жетісу облысы құрылды. Бұрынғы Алматы облысында халық санының көбеюіне байланысты өңір екіге бөлінді. Осылайша, Алматы облысының орталығы – Қонаев (бұрынғы Қапшағай қаласына Қонаевтың есімі берілді), Жетісу облысының орталығы – Талдырқорған болды.

Білім саласында жұмыс істегендіктен, бұл саладағы өзгерістерге үнемі назар салып жүретініміз рас. Мемлекет басшысы білім саласына да ерекше назар аударып жатқанын аңғару қиын емес. Соның бірі ретінде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының құрылғанын айта кетуге болады. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жыл Балалар жылы болып бекітілген еді. Осынау балалар жылы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі Жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды. Бала 18 жасқа толғанға дейін баланың есепшотына аударылатын болады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасқа толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалмақ. Бұл қаражат өскелең ұрпақ үлкен өмірге қадам басқан тұста қаржылай қиындықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асыра бастауды тапсырды. Бағдарламаны іске асыруға жауапты органдар 2023 жылы жобаны іске қосудың барлық тетігі егжей-тегжейлі талқыланып, оның ішінде төлем тәртібін қоса алғанда, ҚР заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айтып отыр.

Міне, осылайша Президент реформасы елімізге едәуір өзгерістер енгізіп отыр. Жаңа Қазақстан құру үшін әрбір адам өзгерісті өзінен бастау керек екенін ескеріп, қолға алынып жатқан жаңалықтардың ертерек жүзеге асуына атсалысуы керек.

Жандос ОТАРИН, Талғат Бигелдинов атындағы жалпы орта мектептің директоры, Келес ауданы

Қатысты жаңалықтар

ҚАРТТЫҚТЫҢ ДА ЖАУАПКЕРШІЛІГІ БАР

azatmedia

Астық өндіруден алдыңғы қатардағы ауылдық округ

azatmedia

«ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ФЕСТИВАЛІНІҢ КӨШІН ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ЖАЛҒАДЫ

azatmedia