Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ІІ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФОРУМҒА ҚАТЫСТЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты ІІ Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына қатысты. Жиын сұрақ-жауап форматында өтті.Модератор Александр Шохин Мемлекет басшысына Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі қабылданған стратегиясында өзара инфрақұрылым байланысы, «Солтүстік – Оңтүстік» және «Батыс – Шығыс» дәліздері және үшінші елдермен арадағы қатынастар секілді перспективті бағыттар қамтылған ба деген сұрақ қойды.Президент өз сөзінде форумға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, жиынға шақырғаны және іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Ресей тарапына және Владимир Путинге ризашылығын білдірді.Мемлекет басшысы 2020 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары қабылданғанын атап өтті. – Шын мәнінде, бұл осы салада атқарылған жұмыстарға берілген баға болды. Әрине, мақсаттар мен міндеттерді қайта пысықтау керек. Форумға қатысушылар және әріптестерім Стратегияның өте маңызды, жан-жақты ойластырылған құжат екеніне келіседі деп ойлаймын. Еуразиялық экономикалық одақтың географиялық аумағы орасан зор екенін ескерсек, өзара инфрақұрылым байланысын дамыту мәселесі аса маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді. Бұл жерде біз бірден екі деңгейде: бірінші – ішкіодақтық, яғни одаққа мүше елдердің көлік және коммуникация салаларындағы интеграциясы бағытында, екінші – халықаралық, яғни көлік-логистика саласындағы халықаралық мәселелерді жүзеге асыру және үшінші елдермен ынтымақтастықты дамыту аясында жұмыс істейтінімізді айта кету керек. Жаһандық тауар ағынының мейлінше жылдам өзгеріске ұшырап жатқанын ескерсек, қазір жан-жағымызды жіті бақылап, бүкіл аймақта барынша тренд қалыптастыру өте маңызды. Шығысымызда тұтас құрлықты стратегиялық тұрғыда байланыстыруды көздейтін маңызды әрі ауқымды бастама – ҚХР-дың «Бір жол – бір белдеу» жобасы бар. Солтүстік – Оңтүстік желісіндегі сауда-экономикалық қатынасқа сұраныс бірнеше есе артты. Біз, шын мәнінде, осы үдерістердің бел ортасындамыз. Қалыптасып келе жатқан осы жаһандық экономикада біздің қандай рөл атқаратынымыз өзімізге байланысты. Өткен жылдың оқиғалары «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін «жаңа жаһандық логистиканың» басты элементі ретінде дамыту қажет екенін тағы да анық байқатты. Аталған меридианды дәліз Транскаспий халықаралық көлік бағытының ендігімен сәйкес келеді. Сондықтан екі бағытты да үйлесімді әрі жүйелі түрде дамытса, бірін-бірі толықтыра түсетінін көріп отырмыз. Бұл тек өнеркәсіп, көлік және экономика салаларын дамытпайды. Сондай-ақ бұл бағыттар алып Еуразия кеңістігіндегі өзара қарым-қатынас пен кооперацияны түбегейлі өзгерте алады. Мен бұл туралы бекер айтып отырған жоқпын. Өйткені дәл қазір көлік логистикасы халықаралық ынтымақтастықта алға шықты. Шын мәнінде, халықаралық нарықта көлік бағдарларына, логистикаға және басқа да салаларға иелік ету үшін күрес жүріп жатыр. Бұл – барлық мемлекет үшін пайдалы бизнес. Еуразиялық экономикалық одақ осы бағытта маңызды рөл атқаруға тиіс деп ойлаймын. Одақтың ең басты саяси және экономикалық серіктесі – Қытай Халық Республикасымен тиімді қарым-қатынас жасаудың маңызы зор. Қытай – ең ірі жүк жөнелтуші әрі ең ірі тұтынушы ел, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 460 МЫҢ ТОННА ЕРТЕ КӨКТЕМГІ ӨНІМ ЖИНАУ ЖОСПАРЛАНУДА

azatmedia

ҚАЛАДА АУЫР ЖҮК КӨЛІКТЕРІНІҢ ЖҮРІСІНЕ ШЕКТЕУ ҚОЙЫЛДЫ

azatmedia

ГОНКОНГТЫҚ ҰСТАЗДАР ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТЕРІМЕН ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

azatmedia