Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков аудандағы эпидемиологиялық ахуалды зерделеумен бастады. Аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бақытжан Мырзагелдиев қазіргі таңда ауданда коронавирустық инфекцияға қарсы екпе егу барысы туралы баяндап, аудандағы жалпы ахуалға тоқталды. «Ауыл аймақтарда медицина қызметкерлерінен құрылған 23 топ жұмыс жүргізуде. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті» деді баяндамашы өз сөзінде. Нұрбол Әбдісаттарұлы мобильді топ жетекшілері мен ауыл округі әкімдеріне кәсіпкерлік нысандарындағы залалсыздандыру шараларын күшейту бойынша түсіндіру шараларын жандандыру қажеттігін ескертті. «Іргеміздегі Шымкент қаласының сары аймаққа енуі баршамызды ойландыруы тиіс. Аудан аумағында карантин талаптарының сақталуы қатаң қадағалансын. Дүкендер мен халыққа қызмет көрсететін нысан иелері елдің қауіпсіздігін бірінші орынға қойғаны абзал. Мектептердегі сақтық шаралары да назардан тыс қалмасын. Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығы – барлығымыздың жауапкершілігімізге байланысты», – деді аудан басшысы өз сөзінде. Сонымен қатар, аудандық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, мәдениет және тілдерді дамыту, Ішкі саясат бөлімдеріндегі өзекті мәселелер талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді. «Сөз – қысқа, іс – нәтижелі болуы қажет. Сіздерден тек тапсырманың мерзімінде әрі сапалы орындалуы ғана талап етіледі. Міндеттеріңізге ұқыпты болыңыздар» деп, аудан әкімі жиналысты қорытындылады.
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық