Отандық танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы Алматыда орын алған жантүршігерлік өлім оқиғасына қатысты пікір білдірді. Ақпарат өкілі жас қызды аямаған күдіктіні заң да аямау керек екенін алға тартты, – деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ләйлә Сұлтанқызы күллі Қазақстанды дүрсілкіндірген өлім оқиғасы жайлы жазбасын Instagram парақшасында жариялаған. Тележүргізуші қоғамда мұндай сұмдық жағдайдың орын алуына барша халық кінәлі екенін айтты.
Сонымен қатар, ол жас қызды асқан жауыздықпен өлтірген күдіктіге қатысты пікір білдірді. Ақпарат өкілі оны барынша қатаң жазалау керек деп есептейді.
«19 жасар қыз өлем деп ойлады ма?! Аяжанды аямады азғын. Дене мүшелерін бөлшектепті дегенді оқып жаның түршігеді. Ешкімді кінәлағың келмейді. Бірақ біздің қоғамда осындай жағдай орын алғанына бәріміз кінәліміз.
Айналымызға ізгілік таратудың орына қастандық жасау, ғайбаттау, ұрып-соғу, зорлау, өлтіру деген көп. Балаң үшін уайымдайсың, жасы 18-ге толса да, айнала толған зұлымдық. Қалай қорғанамыз? Не істейміз? Не дейміз? Бір нәрсені анық айта алам: Ол қызды аямаса, заң да қылмыскерді аямасын. Ең қатаң жаза берілсін. Басқа айтарға сөз жоқ. Ата-анасына Алла сабыр берсін. Қайғырып көңіл айтамын» , – деп жазды Сұлтанқызы.