Желі қолданушыларына бір жылға тегін медициналық сақтандыру және Дүниежүзілік банктен 70 000 доллар ұсынылады, яғни COVID-19 пандемиясы кезінде жұмыссыздықпен күрес аясында құрылған «отбасылық грант» аясында осындай көмек алуға болады деген ақпарат тарап жатыр, – деп хабарлайды zakon.kz.
Бірақ stopfake.kz бұл ақпараттың фейк екенін жеткізді.
Дүниежүзілік банктің ресми сайтында мұндай жобалар туралы ақпарат жоқ. СOVID-19 пандемиясының салдарымен күресу үшін банк дамушы елдерді қолдау бойынша бірқатар жобаларды іске қосқан болатын. Бірақ олардың бірде-біреуінде жеке тұлғаларға 70 мың доллар көлемінде өтеусіз қаржылық көмек көрсету қарастырылмаған.
«Отбасылық стипендия» туралы ақпаратты Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілдігі де жоққа шығарды.
Бұл өтірік. Мұндай шаралар жоқ, – деп хабарлады Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілдігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі үйлестірушісі Шынар Жетпісова.
«Отбасылық стипендия» алу туралы ұсыныс алаяқтардың ісі екенін өтінімдер қабылданатын электрондық мекен жайдан да түсінуге болады – laurano.peta12@gmail.com. Бұл жеке тұлғаның поштасы және Қазақстандағы немесе басқа бір елдегі Дүниежүзілік банкке еш қатысы жоқ. Баршаңызды тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз, – дейді ол.