Жамбыл облысында полиция қызметкері әйел адамды қағып өлтірді, – деп хабарлайды «КТК» телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, оқиға Шу қаласындағы вокзал маңында болған. Рұқсат етілмеген жерден өтіп бара жатқан әйелді 25 жастағы аудандық криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі «Нива» көлігімен қағып кеткен. Жергілікті тұрғын оқиға орнында қайтыс болған.
Куәгерлердің сөзінше, жүргізуші мас болған, әрі өзінің полицияда істейтінін жасыру үшін қызметтік көлігінің мемлекеттік нөмірін шешіп әкеткен. Алайда полиция департаменті бұл ақпаратты теріске шығарды. Олардың сөзінше, қараңғы көшеде жолға атып шыққан жүргіншіні аға лейтенант абайсызда қағып кеткен. Бүгінде жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Полиция қызметкері қазір уақытша ұстау изоляторында. Медициналық куәландыру қорытындысына сәкес, 25 жастағы полицейдің ішімдік ішпегені және есірткі қолданбағаны анықталды. Қазір жан-жақты тергеп-тексеру басталды. Барлық бейнебақылау камераларындағы жазба алынып, сараптама тағайындалды», – дейді Жамбыл облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.