Соңғы жаңалықтар

Түркістан қаласының халқы 500 мыңнан асады

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Түркістан қаласын дамытудың жаңа бас жоспары қаралды деп, – хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи бастамасы мен шешімінің арқасында түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы ретінде қасиетті Түркістан қаласын дамытуға үлкен серпін берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанның дамуына ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда Түркістан қаласы Қазақстанның рухани жаңғыруының символы мен ел мақтанышына айналды», – деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Түркістанның жаңа дамуын қамтамасыз ету, тарихи құндылықтарды сақтай отырып, оны одан әрі өркендету мақсатында 2018 жылғы қыркүйекте Түркістан қаласын дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасы мақұлданғанын атап өтті. Қысқа мерзімде ауқымды жұмыс атқарылды. Тарихи-сәулет, әкімшілік-іскерлік орталықтардың, көлік және инженерлік инфрақұрылымның, тұрғын үй аймағының құрылысы қарқынды түрде жүргізілді. Облыс орталығы Түркістанға көшірілген күннен бастап қаланың негізгі капиталына шамамен 400 млрд теңге инвестиция бағытталды.  Жаңа бас жоспарға сәйкес қала аумағы 3 мың гектарға жуық ұлғайды. Халық саны 165 мыңнан 176 мың адамға дейін өсті, 2025 жылға қарай ол шамамен 250 мың, ал 2035 жылға қарай 350 мың, 2050 жылы 500 мың адам болады деп болжанып отыр.

«Бүгінде әкімшілік-іскерлік орталығында  жоспарланған 14 нысан толық аяқталған. Өткен жылдың басына қаланың тұрғын үй қоры 3,8 млн шаршы метрді құрады, оның басым бөлігі бір қабатты үй-жай түріндегі тұрғын үйлер. Ал 2025 жылы тұрғын үй қорын 6,1 млн шаршы метрге, 2035 жылы бұл көрсеткішті 9,8 млн шаршы метрге дейін жеткізу жоспарланған.   Жалпы аумағы 290 гектар болатын рухани-мәдени орталықта Әзірет Сұлтан қорық мұражайы (88 га), Керуен сарай (22 га), Тұңғыш Президент саябағы (38 га) тәрізді ірі жобалардың құрылысы жүргізілуде. Жеке салымшылар тарапынан 3 бес жұлдызды қонақ үй салынады.  Бүгінгі таңда рухани-мәдени орталықтағы Бас жоспарда жобаланған 10 нысанның 6-уы толық аяқталды, қалған нысандар осы жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі»,– деді Өмірзақ Шөкеев.

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, көлік ағынын қайта бөлу және бос аумақтарды игеру мақсатында  көше-жол желісі қайта салынады. Тозған бір қабатты тұрғын үйлерді ішінара бұзып, тарихи орталықтарды бөліп, халықаралық әуежаймен, теміржол және автовокзалдармен жалғастыратын айналма жолдар салу жоспарланған.  Көлік ағынын жақсарту үшін ұзындығы 1069 шақырым қолданыстағы магистралдық көшелерді кеңейту және жаңадан салу көзделген. Қала аумағы бойынша көлік жол айрықтары мен жол өткелдерінің саны 24-ке дейін ұлғайтылады. Автобус бағыттарының ұзақтығы 533 шақырымнан 850 шақырымға дейін артады.  Халықаралық әуежайдың жолаушыларды қабылдауы сағатына 250 жолаушыға, теміржол вокзалы тәулігіне 5 мың жолаушыға, ал автовокзал тәулігіне 15 мың жолаушыға дейін қабылдай алады деп болжанып отыр.  Үкімет басшысы Түркістанды дамытудың жаңа бас жоспары белсенді дамып келе жатқан қаланың барлық қажеттіліктерін ескеретінін және оның тұрғындары мен қонақтары үшін толыққанды жайлы орта құруға жол ашатынын атап өтті. Жоспар қаланың және Түркістан облысының атқарушы органдарымен, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдармен келісілген. Қала инфрақұрылымын дамытудың барлық егжей-тегжейлі схемалары әзірленді. Премьер-Министр бекітілген жоспардың барлық жобаларын жүзеге асыруды тапсырды.

Қатысты жаңалықтар

Дариға Бадықова еңбек сіңірген қайраткер атағын сұрады

azatmedia

«ШАҢЫРАҚ» ОРТАЛЫҒЫНАН ҚОЛДАУ ТАУЫП, КӘСІБІН АШҚАН

azatmedia

ҚАЖЫМҰҚАНҒА ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚ

azatmedia

Пікір қалдыру