АҚШ-та 3 қарашада президент сайлауы өтіп жатыр. Мемлекет басшысы болудан республикалық Дональд Трамп және демократ Джо Байден үміткер, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сайлаушылар дауысының есебін америкалық БАҚ тікелей эфирде көрсетіп жатыр, оның ішінде «Голос Америки» де бар.
Ең маңызды деген Флорида және Техас штаттарында дауыс берудің алғашқы нәтижелері Трамп пен Байден әзірше тең келе жатқанын көрсетті.
Дәстүрлі республикалық Техас штатында (38 сайлаушы) Байден алда келе жатыр. Бюллетеньдердің 46 пайызын есептегеннен кейін ол үш миллионнан аса дауыс жинағаны белгілі болды. Трампта 2,9 миллион дауыс бар.
Вашингтондағы Америка институтының профессоры Питер Кузниктің ойынша, Трамптың Техастағы жеңілісі қайта сайлануына кедергі болады.
«Егер Трамп Техасты жоғалтып алса, ол үшін бәрі аяқталады», – деді Кузник «Россия 24» телеарнасының эфирінде.
Флорида штатында (29 сайлаушы) дауыстардың 88 пайызы есептелгеннен кейін Трамп алда келе жатқаны белгілі болды. Ол 5,3 миллион дауыс жинады, Байденде 250 мың дауысқа кем.