Azatmedia.kz. Англиялық режиссер және комедия жанрының әртісі Саша Барон Коэн «Борат» және «Борат-2» фильмдерінде не себепті Қазақстан туралы көп әзілдегенін түсіндірді.
The New York Times режиссердің редакцияға жіберген хатының электрондық нұсқасын жариялаған.
Бұл комедия және фильмдегі Қазақстан шынайы мемлекетпен еш қатысы жоқ. Менің Қазақстанды таңдауыма бұл жерді АҚШ-та көп ешкімнің білмейтіні себеп болды. Осылайша жабайы, комедиялық, жалған әлемді түсірдім. Шынайы Қазақстан – керемет мемлекет. Ол Борат ұсынған нұсқаға қарама-қайшы, заманауи, намысшыл қоғам, – деп жазды Коэн.
Айта кетсек, жақында Лондон қаласында Саша Коэннің тағы бір мүсіні пайда болды. Онда жалаңаш жатқан актер бұтына Қазақстан туын лыпа етіп киген.
Азамат Жолдамбаев, Мақсат Мамадияров бастаған бірнеше қазақтың намысшыл жастары «Борат-2» фильміне наразылықтарын білдіріп, Алматы жастары АҚШ-тың бас консульдығына барып, Бораттың қазақ халқынан кешірім сұрауын талап етті.
Осы жағдайлардан кейін эстрада әртістері бастаған әлеуметтік желі қолданушылары жаппай наразылық танытып, «Мен туымды мақтан етемін» атты патриоттық акцияны жүргізе бастады.
Бұған дейін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Борат-2» фильмінің жарыққа шығуына байланысты пікірін білдіріп, фильм оның да намысына тиетінін айтқан еді.
Кейіннен СІМ атышулы «Борат-2» фильміне қатысты түсініктеме беріп, арандатушылық мақсатта Қазақстан халқы да, оның мемлекеттік рәміздері де мазаққа салынып жатқанын мәлімдеді.
Бекболат Тілеухан бұл фильм адамгершілік пен әдеп шеңберінен әлдеқашан шығып кеткенін айтты.