Қызылорда облысының Жаңақорған ауылында жайылып жүрген 700-ге жуық ұсақ мал өрттен қырылып қалды, деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттыұ порталы inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
«2020 жылғы 21 қазанда сағат 18.50-де Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Аққорған ауылдық округі Түгіскен ауылында (жақын жердегі 74-ӨСБ дейінгі арақашықтық) шамамен ауданы 30 гектар шабылған күріш алқабында құрғақ сабан жанған. Өрт 21 қазанда сағат 21.48-де толығымен сөндірілді. Өртті сөндіруге ТЖД мен ерікті өрт сөндіру құралымдарынан 19 адам мен 5 бірлік техника жұмылдырылды»,– деген хабарлама таратты ресми органның өкілі.
Ақпаратқа сүйенсек, өрт салдарынан алдын ала болжам бойынша жеке шаруа қожалығына тиесілі жайылып жүрген 700-ге жуық қой өртенген. Сондай-ақ күйіп қалғандары да бар.
«Олардың нақты саны анықталуда. Оқиға орнында арнайы құрылған комиссия жұмыс істеуде», – деп жазылған хабарламада.