Шымкент қаласында ҚР Азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығына орай қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарына арналған көліктердің кілтін табыстау рәсімі өтті, – деп хабарлайды Azatmedia.kz.
Онда құтқарушыларға кәсіби мерекелері қарсаңында 31 дана заманауи арнайы өрт сөндіру техникасы берілді.
Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов, Беларусь Республикасының «Пожснаб» ЖШҚ директоры Олег Дерябин, қалалық мәслихат депутаттары мен Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы қатысты. Іс-шарада сөз алған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өз құттықтауын жеткізді:
«Сын сағаттарда ерлік көрсетіп, көмекке бірінші келуге дайын болу үлкен құрметке лайық. Бұл жауапты да, қиын мамандықты игеру кез келген адамның қолынан келе бермейтін, шыдамдылықты қажет ететін аса маңызды іс. Шымкенттік құтқарушылар тәулік бойы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тынымсыз еңбек етуде. Әкімшілік-іскерлік орталықта 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосы кешенінің құрылысы жүргізіліп отыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады», – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сонымен қатар, шаһар басшысы биыл 9 айда қала аумағында өрттің саны 10,8 процент, адамдардың өртте қайтыс болу жайты 20 процентке төмендеп отырғанын тілге тиек етіп құтқарушыларға өз алғысын білдірді. Бұдан бөлек, Шымкентте улы және табиғи газдан уланудан қайтыс болғандардың саны 16 процентке, материалдық шығындар 3,6 процентке төмендеген.
Мерекелік шара барысында Азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығына орай қызметін мінсіз орындағаны үшін 10-ға тарта қызметкер қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.