Танымал режиссер әрі продюсер, «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев әйелі, актриса Назира Бақаевамен ажырасқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Инстаграм желісіндегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
«Жұрт аузында түрлі қауесет әңгіме тарап кетпес үшін Нәзира екеуіміз жеке өміріміздегі өзгерістер жайында осы желі арқылы ресми түрде айтып бергенді жөн көрдік. Сіздерден түсіністік танытуды және осы мәселеде адамның жеке кеңістігіне құрмет білдіруді сұраймыз», – деді режиссер желідегі оқырмандарына.
Ұзақ жылдар бойы өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, түрлі қиындықты бірге жеңген, бес баланы дүниеге әкеліп, шаңырағын махаббат пен шаттыққа, қамқорлыққа бөлей білген жары жайлы жылы тілегін білдірген Ақан Сатаев енді бірге тұрмайтындарын, бір-біріне деген достық ниетін сақтай отырып, ажырасқандарын мәлім етті.
«Енді біз – ерлі-зайыпты жандар емеспіз. Бірақ балаларымыздың сүйікті ата-анасы болып қала бермекпіз. Нәзира екеуіміз бір-біріміздің алдағы уақыттағы Алла бұйыртқан жеке өмір жолымызға сәттілік тілей отырып, болашақта жақын достар болып қалу туралы шешім қабылдадық», – деп жазды режиссер.
Желі қолданушылары танымал тұлғаның жеке өмірінде мұндай өзгеріс болады деп күтпегендерін айтып, үлгілі отбасы бола білген жұптың ажырасып кеткеніне өкініш білдіруде.
Айта кетсек, қазақстандық танымал режиссер, актер Ақан Сатаевтың жары, бес баланың анасы, қазақстандық бірқатар фильмде ойнаған актриса Нәзира Бақаева көп жыл бұрын өнер жолынан бас тартып, ендігі өмірін отбасының берекесіне және мұсылмандық жолға арнайтынын мәлімдеген еді.