Басты жаңалықтар

Қарабақ үшін Ресей мен Түркия соғысуы мүмкін

Президент

«Қарабақта ешқашан бейбітшілік орнамайды». Бұл – кейбір сарапшылардың берген бағасы. Өйткені, Армения мен Әзербайжан ешқашан бірін-бірін тыңдамайды. Олардың сыртында күштілердің мүддесі жатыр. Алып елдердің геосаяси майданына айналып кеткен. Халықаралық қауымдастық әзірге тек ұрысты тоқтатуға шақырумен шектеліп отыр, деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық пораталы Nege Media сайтына сілтеме жасап.

Қарабақ қайта өртке оранды. Әзербайжан мен Армения арасында нағыз соғыс басталды. Бұл жерде шынайы ақпарат іздеп, екі елдің ақпарат құралдарына сүйену – аңғалдық. Өйткені, олар бірін-бірі барынша қаралаудан әрі асар емес. Қанша техника, қанша адам құрбан болғаны жайлы нақты ақпарат алу да қиын. Деректер қарама-қайшылықтарға толы. Әрқайсысы қарсыласының әскери шығынын зорайтып, құрбан болған бейбіт тұрғындардың санын асырып көрсету үстінде. Екі тарап та азаматтарын жаппай әскер қатарына шақырып жатыр.

Қарабақтағы қантөгісті кім тоқтата алады?

Халықаралық қауымдастық тараптарды атысты тоқтатуға, ымыраға келуге шақырып жатыр. Әзірге бұған құлақ асатын ел жоқ. Қазақстандық саясаткер Петр Своик Қарабақта бейбітшілік орнауы қиын екенін айтады.

«Ендігі мәселе – соңғы қақтығысқа дейінгі жағдайға қайту. Әскери қимылдарды тоқтату. Бітімгершілік жалғасқанымен, бәрібір бейбітшілік орнамайды», – дейді Nege.kz тілшісіне түсініктеме берген Петр Своик.

Армения мен Әзербайжан арасындағы дау екі елдің ғана шаруасы болудан қалғаны қашан. Әсіресе, жұлдызы қарсы Ресей мен Түркияның Сириядан кейін сүзісіп қалатын майданы осы – Қарабақ. Армения мен Ресей саясаткерлері «отқа май құйып, жанжалды қоздырып отырған – Түркия» деген сыңайда пікір айтып жатыр. Расында солай ма?

Кім ұры?

Бұл жөнінде тілшіміз түрік азаматы Оғыз Доғанның ойын білді.

Оғыз Доған

«Қоздыру деген не? Бір адам сізді ұрып-соғып, өлімші қып сабап, қалтаңыздағы ақшаңызды ұрлап кетсе, оны ұстап алу жанжал қоздыру ма? Өйткені, ол – сіздің маңдай теріңізбен тапқан ақшаңыз. Бұған бауырыңыз араша түссе, оны жанжалды қоздырушы деу – қате түсінік. Әрине, Ресей мен Армения осылай айтады. Себебі, ұрылар – солар. Ұсталған ұры басқаша не дейді?» – дейді Түркия азаматы, қоғам белсендісі Оғыз Доған.

Саясаттың төңірегінде жүрген сарапшылар Қарабақтағы қантөгісті тоқтату Ердоған мен Путиннің ымыраға келу ниетіне байланысты екенін айтады. 

«Қазір үшінші күштердің белсенді әрекет етуіне қосымша факторлар пайда болды. Ресей соңғы жылдары Сирияда белсенді әрекет жасап жүр. Сирия – бұрын Осман империясына қараған ел. Түркия Әзербайжан жағына шығып отыр. Жағдай ушығып кетпесі үшін Ресей мен Түркия келіссөз жүргізуі керек», – дейді Петр Своик.

Оғыз Доғанның айтуынша, Түркияның ресми билігі де, қарулы күштері де Әзербайжанға толық қолдау көрсетіп жатыр. Ешқандай шартсыз.

«Түркия отыз жылдан бері «бауырымыз» деп сөз жүзінде ғана айтып келген. Бірақ іс жүзінде қолдау көрсетпеді. Рас, Түркия әзербайжан офицерлерін оқытты. Қарумен қамтамасыз етті. Сонымен шектелген. Қазір сөзбен емес, іспен қолдау көрсетіп жатыр», – дейді түрік белсендісі.

Отыз жылдық даудың шешімі бар ма?

Палестина мен Израиль арасындағы жер дауына 70 жылдан асып барады. 30 жылға созылған Қарабақ дауы бүгін-ертең шешілмейтіні де белгілі. Әзербайжан үшін Қарабақ – өз жері, армяндар үшін Арцах – «ата-қонысы». Екі ел де, тіпті, екі халық та бітімге келер түрі жоқ. Сондықтан жанжал ғасырларға да ұласуы да мүмкін.

103 жастағы кейуана. Қарабақ, 1990 жыл.

«Осыншама уақыт бойы дау шешілмесе, онда екі тарап та келіспейтін жайттардың бар болғаны. Жағдай әрмен қарай да осылай жалғаса береді. Дау посткеңестік кеңістік шеңберінде шешілмей келді. Жағдай өзгермесе, даудың да шешімі болмайды. Әзербайжан әскери күшке салып, дегеніне жете алмайды. Тіпті, халықаралық қауымдастықтың өзі қауқарсыз болып отыр. Бірақ жанжалдың әрі қарай ушығуына жол берілмейді. Өз аумағын қайтару үшін Әзербайжанға бар күшін салып, әскери тұрғыдан ұзақ белсенділік көрсетуі керек. Бірақ бұған ешкім жол беріп, қарап отырмайды», – дейді Петр Своик.

Әзербайжан мен Түркия болса, осы жер дауына кінәлі ретінде Ресейді атайды.

«1991 жылы Армения Ресейдің көмегімен Қарабақты тартып алғаны белгілі. Нақақ басқыншылықты БҰҰ мойындамайды. Ресейден басқа ешкім мойындамады. Бұл – Әзербайжанның тарихи жері. Армения Қарабақты басып алғанда геноцид жасады. Бейкүнә ауыл тұрғындарын жас балаларға дейін өлтіріп, тартып алған. Енді Әзербайжан өз жерін қайтарып алып жатыр», – дейді Оғыз Доған.

Оның пікірінше, Қарабақты алған – шетелдердегі өте ықпалды армян диаспорасының күші. Отыз жыл бойы бұл түйін неге шешілмеді? БҰҰ Әзербайжанды қолдаса да, батыстағы ықпалды армян диаспоралары бұған мүмкіндік бермеген.

Путин мен Ердоған

«Түріктерде «Көршінің есегін ән айтып іздейді» деген мақал бар. Өзіңіз талап қылмасаңыз, әрекет етпесеңіз, не болады? Соғыс уағыздалмасын, бейбіт жолмен әділетсіздік тоқтатылсын. Түркі елдері бірауызды болса, бейбіт жолмен шешуге болар еді. Басқыншылық заманы өткен ғасырда Гитлермен аяқталды. Біреудің жерін заңсыз тартып алу – тарихтың қойнауына көмілуі керек», – дейді түрік ғалымы.

Қарабақ дауы жөнінде диаспора өкілдерінен де пікір сұрадық.  

Асылы Осман, Алматы облысының Әзербайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

«Бүйрегі бұрып тұр» демесін

– Қанша жылдан бері Әзербайжанда Қарабақтан қашқан 1 миллионнан аса босқын шатырда өмір сүріп жатыр. Меніңше, әр нәрсенің алдымен себебін анықтау керек. Салдарына сосын үңілген жөн. Әзербайжандікі жөн дейін десем, жұрт «бүйрегі бұрып тұр» дейтін шығар. Армяндардікі жөн деуге мүлде келмейді. Екі ел ымыраға келуі керек. Елдің тұтастығы деген ұғым болуы керек. Жер дауы – өте күрделі мәселе. БҰҰ, ОБСЕ және басқа да халықаралық ұйымдар осы уақыт ішінде неге жөнге келтірмеді? Сонда бұл ұйымдардан не пайда?

Бұл жердегі армяндармен қарым-қатынасымыз жаман емес. Сәлеміміз түзу. Бірақ қайдан білейін, әркімнің ішінде бір ит өліп жатқан шығар. Маған салса, тұрған елімнің туының биік, суының тұнық болғанын қалаймын. Әзербайжанға адам ретінде жаным ашиды. Бірақ мен осы елдің азаматымын. Алдымен қазағымды асқақтатуым керек.

Кнарик Гаспарян, Алматы облысының армян этномәдени бірлестігінің басшысы:

Мен соғысты жек көрем 

– Қала ұйықтап жатқан кезде, жексенбі күні халықтың үстіне бомбалар жаңбырша жауды. Менің орнымда бұған қалай баға берер едіңіз? Бейбіт халық, әйелдер мен балалар ұйықтап жатқанда қалай бомба тастауға болады? Бұған не айтамын? Неге халықтарды жауықтырып жатыр? Халықтардың кінәсі жоқ. Бірде бір ана баласын жер қойнына тапсырғысы келмейді. Мен интернеттен көріп, көз жасыма ерік беріп отырмын. Армян балалары үшін де, әзербайжан балалары үшін де. Мен соғысты жек көремін. 

Қантөгіс не үшін? Өйткені, ешкім жерден айырылғысы келмейді. Кезінде Сталин армян жерлерін Әзербайжанға берген. Енді олар біздің жер деп отыр. Армян жері деп мойындағысы келмейді.

Біз – Қазақстанның халқымыз. Біз Қазақстанға бейбіт елде, бейбіт аспан астында тұрып жатқанымыз үшін алғысымыз шексіз.

Әзербайжан достарым көп. Әке-шешем өліп, көмген кезде, әзербайжан достарым армяндардан бұрын келіп, жаназа кезінде артымда тұрды. Біз неге жау болуымыз керек? Соғысты бастаған бұл адамдар емес. Олай ететіндей, соншалықты ақымақ емеспіз. Қарабақта бейбітшілік орнауы үшін олар да, біз де бірдей дұға етіп жүрміз. Біздің арамызда жанжал жоқ. Болуы да мүмкін емес.

Қатысты жаңалықтар

Сабина Алтынбекова кімді таңдайды? Қуат Хамитовтың қарсыласы пайда болды

azatmedia

Kaspi.kz-тен ақшалар жоғалып жатыр. Банк не дейді?

azatmedia

300 мың теңге. Кімдердің кредиті кешірілді?

azatmedia

Пікір қалдыру