Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Қақпақ ауылдық округіндегі ауыз су мәселесі шешімін тауып келеді, – деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы.
Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Қақпақ ауылдық округіне қарасты 3 ауыл бар. Олар – Қақпақ, Заңғар және Сырлысай елді мекендері. Аталған ауылдарда барлығы 1091 отбасы тұрады.
Дегенмен бұған дейін өңірде ауыз су мәселесі бар болатын. Ауылдық округке қарасты Қақпақ және Сырлысай ауылдары ғана ауыз сумен толық қамтылған. Енді 211 отбасы тұратын Заңғар ауылында ауыз су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Тапсырыс беруші – аудандық ТҮКШЖК және АЖ бөлімі. Жоба құны – 145 миллион 147 мың теңге. Мердігер – «Строй Жол Сервис» ЖШС.
Заңғар елді мекенінде ауыз су құбыры құрылыстары барлық көшелерге толық жүргізілді. Қазіргі таңда қосымша су ұңғымасы қазылып, су қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс аяқталуға жақындады. Биыл құрылыс жұмыстары толық аяқталып, Заңғар ауылы толық ауыз сумен қамтылады.
Бұл жергілікті тұрғындардың осы уақытқа дейін өзекті де өткір мәселесіне айналған ауыз су мәселесін толық шешеді дейді жергілікті әкімдік.