Ең қымбат смартфондардың бірі саналатын iPhone 11 Pro Max-тың бағасы арзандады, – деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы Hi-Tech Mail.ru басылымына сілтеме жасап.
2019 жылы шыққан Apple өнімінің 64 гигабайттық жады бар моделі қазір Ресейде 76 990 рубльден сатылып жатыр. Мамандардың пікірінше, жыл басынан бері аталған модель 25 пайызға арзандаған. Аталған смартфон шыққан уақытта 100 мың рубльден сатылған.
Жыл басынан бері рубльдің құлдырауына байланысты техника мен смартфондардың бағасы өте баяу түсіп келеді. Ал бұл модель бағасының түсуі iPhone 12-нің шығуына байланысты болып отыр.
Қыркүйек айының соңында Hi-Tech Mail.ru 2019 жылы шыққан Apple өнімдерінің арзандап жатқанын мәлімдеген болатын. Мәселен, 128 гигабайттық жадқа ие iPhone 11 моделінің бағасы 55 мың рубльге дейін түскен. Аталған смартфонның алғаш сатылымға шыққандағы құны – 65 мың рубль болатын.