Депутат Айқын Қоңыров Мәжілістің жалпы отырысында пандемияға дейін салықты уақытылы төлеген жеке және заңды тұлғаларға несие амнистиясын жариялауды ұсынды, – деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы.
– Карантин кезінде, ресми мәліметтер бойынша, 4 миллион 200 мың адам жұмыспен қамтылмаған. Шын мәнінде, жұмыссыздық 46 пайызға дейін өсті. Бұл жұмыссыздық деңгейі біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған. Қазіргі дағдарыс тек санитарлы-эпидемиология ғана емес, сонымен бірге еңбек төтенше жағдайы болып табылады. Жағдайға сәйкес төтенше шаралар қажет, – деді депутат премьер-министрге жолдаған сауалында.
Депутат халықтың пандемия кезінде қарызды күнделікті тұрмыс-тіршілік үшін алып жатқанын айтты.
– Бұрын халық тұрмыс техникасы, қымбат киім-кешек сатып алу үшін, түрлі отбасылық іс-шаралар үшін қарыз алатын. Қазір шектеу шаралары кезінде қарызды оқуға, емделуге, күнделікті киім мен тамаққа алып жатыр.
Елімізде шектеу шараларына дейін салықты дұрыс төлеген, жұмыс орындарын ашқан және карантин мен локдаун кезінде несие бойынша қиын жағдайға тап болған, өз құқығы шектелген қаржы институттарының қысымында қалу қаупі бар жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несие амнистиясын жүргізу қажет, – деді Қоңыров