Дамыған елдерде жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, Ресей президенті Владимир Путин америкалық әріптесі Дональд Трампты сенім рейтингі бойынша басып озды, – деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы Pew Research Center орталығының ресми сайтына сілтеме жасап.
Сауалнама Жапония, Австралия, Канада, Ұлыбритания, Нидерланды, Оңтүстік Корея, Испания, Италия, Швеция, Дания, Германия және Бельгия азаматтарының арасында өткізілген. Оларға АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, Ресей және Қытай басшыларына халықаралық мәселелерді шешуде қаншалықты сенетіні туралы сұрақ қойылған.
Сауалнама қорытындысы бойынша, Германия канцлері Ангела Меркель көш бастап тұр. Оған сауалнамаға қатысқандардың 76 пайызы сенетін болып шықты. Екінші орында 64 пайызбен Франция президенті Эммануэль Макрон, үшінші орында 48 пайызбен Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон тұр.
Ресей президенті төртінші орынға тұрақтады. Оған респонденттердің 23 пайызы сенім білдірген. Одан кейін 19 пайызбен Қытай көшбасшысы Си Цзьньпин тұрса, АҚШ президенті Дональд Трамп көш соңында қалды. Оған сауалнамаға қатысқандардың 16 пайызы ғана сенетін болып шықты.