Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейінің тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы Шымкент қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды, – деп хабарлайды Azatmedia.kz тілшісі.
Өмір Шыныбекұлы 1962 жылы Түркістан облысы, Төлеби ауданында дүниеге келген. ҚР Журналистер одағының мүшесі, жоғары санатты ұстаз. 2003 жылдан бастап Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейінің тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі қызметін атқаруда. Жетістіктеріне келсек, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталған. Бірқатар еңбектері БАҚ-та жарияланып келеді.
Ұлағатты ұстаздың авторлығымен «Ауыл тарихы – ел тарихы», «Қара шаңырақ Қарасора, құтты мекен Кеңесарық» кітаптары мен Түркістан облысы және Шымкент қаласы жалпы білім беру мектептеріне арналған «Өлкетану» оқулығы жарыққа шыққан.
Желі қолданушылары Өмір Шыныбекұлын #Әйтеновкет хэштегінің авторы ретінде жақсы таниды. Енді қала әкімі өзін сынаған ұстазды қабылдап, білім саласын дамыту бойынша бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Аймақ басшысының бұл шешімі әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Аңғарғанымыз, көпшілікке су жаңа әкім кеңесшісінің алдағы әрекеті қызық.