Түркістан облысында учаскелік полиция инспекторының өміріне қауіп төнгеніне қарамастан жол ережесін бұзған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпарат агенттігі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқыс оқиға Сайрам ауданы Ақсукент кентінде түнде болған. Жол-патрульдік полиция қызметкері күдік туғызған ВАЗ автокөлігін байқаған. Осы сәтте учаскелік полиция инспекторы Дәурен Байхарашев тәртіп бұзған жүргізушінің жолын бөгеп үлгеріпті. Алайда күдікті тәртіп сақшысының талабына бағынбаған. Полицей жүріп бара жатқан көлік капотына секірген.
Тәртіп бұзған ер адам полицейді капоттың үстінен лақтырып жіберу үшін жылдамдығын асырған.
«Алайда кәсіби деңгейі жоғары полиция қызметкері бұған жол бермеген. Учаскелік инспектордың әріптестері де күдіктінің ізіне түскен. Сондай-ақ, тәртіп бұзған ер адамның ұсталуына Audi көлігінің жүргізушісі көмектескен. ВАЗ жүргізушісі жылдамдықты төмендетпей, оның көлігін соққан. Ол полиция қызметкерін сүйреп, ол «Алматы – Термез» тасжолына шыққан. Алайда Қарабұлақ аулына жетпей, автокөлігін тоқтатып, оқиға орнынан із суытқан. Учаскелік полиция инспекторы Дәурен Байхарашевқа алғашқы медициналық көмек көрсетілді», – делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу реестрінде тіркелді. Қазір таңда бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр