Праймеризге қатысуға бел буғандар арасында жас буын белсенді. Мысалы, Шымкентте тіркелген үміткерлердің 37 пайызы жалынды жастар, деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы Астана арнасына сілтеме жасап.
«Көп балалы аналарға көмектескім келеді қолымнан келгенше. Қазіргі заманда көп балалы аналар Үкіметті, Үкімет көпбалалы аналарды кейде түсінбей қалады. Бірақ енді екеуінің ортасына бір көпір керек деп ойлаймын. Сондықтан да сол осы себептен праймеризге қатысып жатқан себебім бар», – дейді праймеризге қатысушы кәсіпкер Қанат Естек.
«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жариялаған праймериз үміткерлерінің тізімінше, тіркелген кандидаттардың 36% қыз-келіншектер, ал 33% жастар. Тіпті 78 жастағы зейнеткер де бар. Саяси додаға қатысуға бел байлағандардың қатары әр алуан. Көп балалы аналар, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, дәрігерлер мен мұғалімдер де кездеседі.
«Біздің сараптама бойынша қазіргі депутаттардың жартысынан көбі қатыспайын деп отыр. Олар өздерінің шамаларын біліп, жағдайларын біліп, қазіргі таңда жастарға, соның ішінде әйел адамдарға жол беріп, бас тартып отырған азаматтар бар. Неге десеңіз, жаңа толқын, жаңа леп, жаңа көшбасшылары қазіргі таңда алдыңғы қатарға шығып жатыр. Бұл өте қуантарлық жағдай», – деді «NUR OTAN» партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев.
Кандидаттармен кездесу барысында пікірсайыс өткізу реті белгіленді. Бұл шара партияішілік сайлауды әділ әрі ашық өткізуге жасалып отыр. Бір қызығы, Шымкенттегі праймеризге қатысушылардың ең жасы жиырмада болса, ең үлкені 83 жаста.