AzatMedia. Ашықтық, тиімді кері байланыс, адамдардың қажеттілігіне жедел әрекет ету Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің маңызды басымдықтарының бірі болып табылады.
Осы мақсатта Шымкентте ANTIKOR ORTALYǴY сервистік орталығы ашылды. Агенттіктің сервистік орталықтарының жұмысы Президенттің халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына толықтай сәйкес келеді.
Жаңа сервистік орталықтың салтанатты ашылуына Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев, мегаполис әкімі Мұрат Айтенов, «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, Арнайы мониторинг тобының, «Ізгілік елшісі» жобасының, қала әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ Агенттік пен Департамент қызметкерлері қатысты.
Сервистік орталық барлық қажетті талаптарды ескере отырып, ең бастысы ашықтық, қарапайымдылық және кедергісіз қызмет көрсету қағидаты бойынша құрылған.
«Біз күн сайын мемлекеттік қызметшілер мен азаматтар арасындағы қарым-қатынастың барынша өзгеріп жатқанын байқап жүрміз. Шенеуніктер өз ойын тәртібін белгілеп, ал азаматтар оған бағынатын жабық процестер барлық әлемде келмеске кетуде. Қазір басымдықтар өзгеруде, енді бюрократияға емес, азаматтардың қажеттіліктеріне ден қойылуда, тұтынушыға бағдарлану алдыңғы орында тұр. Агенттік те өз қызметінде осы қағидатты ұстанады және жемқорлықтың салдарымен күреспей, оның алдын алу үшін азаматтардың шағымдарымен жұмысқа көп көңіл бөледі» – деп атап өтті А.Шпекбаев.
Өз кезегінде, Шымкент қаласының әкімі М.Айтенов: «Қазіргі таңда Шымкент қаласында көрсетілетін 160 мемлекеттік қызметтің 88,1% автоматтандырылған. Бұл жемқорлықты азайтуға, қоғамның мемлекеттік органдарға сенімін арттыруға бағытталған құқықтық-әкімшілік және ұйымдастырушылық шараларды іске асыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.
Екі қабатты ғимарат бөлек негізгі ғимараттың батыс бөлігінде орналасқан, оның жалпы ауданы 500 шаршы метрден асады.
Бұл республика бойынша үлкен орталықтардың бірі. Ол қандай да бір кедергісіз, оның ішінде қабырғалары жоқ, барлық бөлмелер шыны кабинеттерге ауыстырылған «Open space» форматында салынған және бұл тиімді өзара іс-қимыл үшін жасалған.
Бірінші қабатта келушілерге кеңес беретін ресепшн-кеңесші қарсы алады, барлық рәсімдерді түсіндіреді және мамандарға бағыттайды.
Кіре берістің сол жағында келушілерге арналған күту аймағы бар. Мұнда адамдарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған – ыңғайлы жиһаз, ауыз су, интернет.
Сондай-ақ, азаматтардың ыңғайлылығы үшін балалар жиһазы мен ойыншықтармен жабдықталған балалар аймағы бар.
Күту кезінде азаматтар ақпараттық модуль арқылы Департаменттің қызметімен және Агенттікпен жүзеге асырылып жатқан жобаларымен таныса алады, сондай-ақ заңнаманың деректер базасына қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады.
Азаматтарды қабылдауға арналған арнайы кабинет, сондай-ақ кеңсе қызметкерлері мен іс жүргізу офицері үшін шет елдердің құқық қорғау құрылымдарының тәжірибесі бойынша жабдықталған кабинеттер бар. Мұнда процессуалдық офицерге, күдіктіге және оның қорғаушысына бір-біріне бетпе-бет отыруға (тең құқылық принципі бойынша) мүмкіндік беретін үшбұрышты үстел орнатылған. Онда сонымен қатар тергеу әрекеттерін де жүргізуге болады.
Екінші қабатта Адалдық аланы жобалық кеңсесінің қызметкерлері мен Арнайы мониторингтік топ мүшелері үшін екі кабинет орналасқан. Олар сондай-ақ барлық қажетті кеңсе жиһаздарымен және компьютерлік техникамен жабдықталған.
Сонымен қатар, 100-ге жуық адамға арналған модульдік акт залы бар, оны қажет болған жағдайда екі залға бөлуге болады (үлкен және кіші).
Жалпы алғанда, сервистік орталық органның транспаренттілігі мен клиентке бағдарланушылық принципіне толық сәйкес келеді.