Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕКТЕГІ КОЛЛЕДЖДІҢ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жұмыс сапары барысында №19 көпсалалы колледждің жұмысымен танысты. Өңір басшысы оқу орнының материалдық-техникалық базасын аралап, оқу кабинеттері мен аумағын көрді. Білім беру сапасы, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау және түлектерді тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне баса назар аударып, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.

Колледж директоры Айдарбек Илиясов оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму жоспарлары туралы баяндады.

2014 жылы пайдалануға берілген колледж 425 студентке арналған. Үш қабатты ғимаратта 36 оқу аудиториясы бар. Бүгінде 54 оқытушы 11 мамандық бойынша білім береді. Олардың қатарында ветеринария, дәнекерлеу ісі, есептеу техникасы және ақпараттық желілер, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, тігін өндірісі, агрохимия, жеміс-көкөніс шаруашылығы, ауыл шаруашылығын механикаландыру және өзге де сұранысқа ие бағыттар қамтылған.

Өңірде техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, оқу орындарының материалдық базасын нығайту және білікті кадрлар даярлау жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр.

Колледждің білім беру үдерісін жетілдіру мақсатында заманауи оқыту әдістерін енгізу, өндіріс орындарымен байланысты күшейту және студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамыту бағыттарына ерекше мән берілуде. Бұл ретте білім алушылардың теориялық білімін нақты өндірістік тәжірибемен ұштастыру арқылы еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау көзделіп отыр.

Сондай-ақ оқу орнының инфрақұрылымын жаңарту, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары жалғасын табады. Колледж түлектерінің сұранысқа ие болуы үшін жұмыс берушілермен әріптестік орнатып, өңір экономикасына қажетті мамандарды даярлау басты бағыттардың бірі болып қала береді. Алдағы уақытта колледжде жаңа білім беру бағдарламаларын дамыту, студенттердің кәсіби шеберлігін арттыру және жастардың кәсіптік білімге қызығушылығын көтеру бойынша кешенді жұмыстар жүзеге асырылады. Бұл бастамалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және сапалы кадрлық әлеуеттің қалыптасуына оң әсер етеді.

Қатысты жаңалықтар

Жаңа төлем: Бала тууына байланысты бірреттік жәрдемақы беріледі

azatmedia

ШЫМКЕНТТЕ ҚАЛА КҮНІНЕ ОРАЙ 52 МАҢЫЗДЫ МӘДЕНИ ІС-ШАРА ӨТЕДІ

azatmedia

Елімізде сүттің бағасы қымбаттады

azatmedia