Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, қайта жаңғыртылып жатқан «Жібек жолы» кеден бекетінің құрылыс барысымен танысты. Нысанды аралап, құрылыс сапасы мен қарқынына қатысты нақты тапсырмалар берді.
Жобаның тапсырыс берушісі – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті. Бас мердігер – «Ontustik Constraction» ЖШС, мердігер ұйым – BI Group.
Жалпы құны 11,6 млрд теңгені құрайтын кеден бекеті пайдалануға берілгеннен кейін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы барыс-келіс арта түседі. Алты жолақты бекет тәулігіне 70 мың адамды, 2 мың автокөлікті және 200 автобусты өткізе алады.
Қайта салынған бекеттің ғимараттары бұрынғыдан екі есеге жуық ұлғайтылды. Соның арқасында шекаралық бақылау мен кедендік рәсімдеу жұмыстары жеңілдеп, жолаушыларды өткізу жылдамдығы артады.
Заманауи кеден бекеті халықаралық талаптарға сай жұмыс істеп, азаматтарға қолайлы әрі сапалы қызмет көрсетеді. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамырында басталды. Бүгінде инженерлік инфрақұрылым толық аяқталып, сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен бірге, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жұмыс сапары барысында қайта жаңғыртылып жатқан «Сарыағаш» теміржол вокзалының құрылыс барысымен танысты. Нысанды аралап, құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасын тексерді. Жұмыстың орындалу барысына қатысты сын-ескертпелер айтып, мердігер мекемеге құрылысты жеделдетіп, сапаны қатаң бақылауда ұстап, нысанды уақтылы пайдалануға беруді тапсырды.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Қайта жаңғырту нәтижесінде вокзал ғимаратының жалпы аумағы 449,1 шаршы метрден 558,54 шаршы метрге дейін ұлғайтылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалады. Вокзал тәулігіне 145-155 жолаушыға қызмет көрсетіп, тәулігіне 5 жұп пойызды қабылдайды.
Құрылыс жұмыстарын биылғы тамыз айының соңына дейін аяқтап, нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
