Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев жұмыс сапарымен Машат шатқалында орналасқан «Самал» балаларды сауықтыру лагеріне арнайы барып, жазғы демалыс маусымының ұйымдастырылу барысымен танысты.
Бүгінде Түлкібас ауданының оқушылары табиғаты көркем Машат шатқалындағы «Самал» балаларды сауықтыру лагерінде жазғы демалыстарын өткізуде. Биылғы жазғы маусымда аудан бойынша 2000-ға жуық оқушыны тегін сауықтыру жоспарланған.
Лагерьдің жазғы маусымы ағымдағы жылдың 9 маусымында басталды. Қазіргі таңда мұнда үшінші лек оқушылары тынығуда. Аудан әкімі лагерьдің тұрмыс-тіршілігін, балаларға жасалған жағдайды, қауіпсіздік шараларының сақталуын және тәрбиелік-танымдық жұмыстардың ұйымдастырылуын көріп шықты.
Сапар барысында Асқар Естібаев балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, лагерь аумағын толық қоршау, қураған ағаш бұталарын тазалау, суға қауіпті аймақтарды ерекше бақылауға алу, жатын бөлмелердің тазалығына, ас мәзіріне, бейнебақылау камераларының санын көбейту жөнінде және балалардың демалысын тиімді өткізу мақсатында олардың интеллектуалды дамуына ерекше мән беру керектігін айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Аудан әкімдігі алдағы уақытта да балалардың жазғы демалысын сапалы әрі қауіпсіз ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.
Сонымен қатар, КХ-113 «Кершетас – Машат» демалыс аймағына апаратын автомобиль жолының 12,6 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба өтпелі болып табылады және келесі жылы аяқталады.
Сондай-ақ, КХ-66 «А2 – Еңбекші» автомобиль жолының 3 шақырымы орташа жөндеуден өтуде. Жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың қараша айында аяқтау жоспарлануда.
Қазіргі таңда облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 229,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде 195,16 шақырымы немесе 85 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болса, 34,44 шақырымы немесе 15 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда.
Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96,6 шақырымды құрайды. Оның 82,11 шақырымы немесе 85 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, ал 14,49 шақырымы немесе 15 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда.
Елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 550,1 шақырымды құрайды. Оның 476,94 шақырымы немесе 86,7 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, ал 73,16 шақырымы немесе 13,3 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда.
Жөндеуді талап ететін қалған автомобиль жолдары бойынша алдағы уақытта кезең-кезеңімен орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Аудан әкімі Асқар Естібаев жұмыс сапары барысында Рысқұлов ауылдық округіндегі Бибалаев көшесінде жүргізіліп жатқан орташа жол жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты.
Аталған жоба Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы аясында жүзеге асырылуда.
Ұзындығы 1,9 шақырымды құрайтын жолға орташа жөндеу жұмыстарын «Түлкібас жолдары» мердігер мекемесі жүргізуде.
Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын.
Мердігер мекеменің мәліметінше, нысанды толық аяқтап, пайдалануға беру 10 шілдеге жоспарланған. Нысанда болған аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынына назар аударып, мердігер мекеме өкілдеріне жол жөндеу жұмыстарын заң талаптарына және белгіленген стандарттарға сай, уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
