Келес ауданында Ұлттық домбыра күні мен Астана күніне орай «Күмбірле, қасиетті домбыра! Жасай бер, Астана!» атты мерекелік мәдени іс-шара жоғары деңгейде өтті.
Біртілек ауылдық округінің Шұқырсай елді мекенінде ұйымдастырылған мерекелік кешке аудан тұрғындары мен қонақтары қатысып, ұлттық өнер мен елорданың мерейін ұлықтаған тағылымды бағдарламаны тамашалады. Мерекелік жиын қазақ халқының рухани мұрасы – қасиетті домбыраның құдіретін дәріптеп, еліміздің бас қаласы Астананың жетістіктерін насихаттауға арналды.
Концерттік бағдарлама аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауындағы күйлермен басталды. Күйші Нұрғали Ахметов және оның шәкірттері Мамырбай Балнұр мен Айбек Жанияның орындауындағы күйлер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш барысында «Беу, Айдай», «Домбыра», «Арман қала – Астана», «Астана», «Оо қала», «Жанарын ай», «Ұяң қыз», «Маған ұнаған», «Уақыт», «Дарите женщинам цветы», «Танго», «Ойладың ба», «Ару қыз» және басқа да танымал әндер шырқалып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Кеш соңында ұйымдастырушылар домбыраның күмбірі мәңгілік жаңғырып, ұлттық өнеріміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беруіне, ал Астанамыздың абыройы асқақтап, Қазақстанның өркендеуі жолындағы жетістіктері еселене түсуіне ақжарма тілектерін жеткізді.
