Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендерді көгалдандыру, экологиялық ахуалды жақсарту және жасыл аймақтарды көбейту жөніндегі тапсырмасы Түркістан облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Түркістан қаласында заманауи тұқымбақ салынып, жылыжайларын кеңейту жұмыстары басталды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс орталығындағы жаңа тұқымбақтың жұмысымен танысып, жобаны дамыту жоспарын саралады. Сонымен қатар тұқымбақтың өндірістік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымын жетілдіру және өңірді көгалдандыруға қажетті көшеттер мен гүлдердің санын көбейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
– Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жасыл алқапты көбейтуді тапсырды. Бізде барлық мүмкіндік бар. Осындай тұқымбақтарды облыс орталығында ғана емес, барлық аудан-қалада ашып, еліміздің басқа өңірлерін көшетпен қамтуымыз керек. Екіншіден, елге түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Әр тұрғын өз үйінің ауласына ағаш ексе, экология жақсарады. Өздеріңіз көрдіңіздер, 8 жылда Түркістанның ауа райы өзгеріп, температура сәл төмендеді. Бұның бәрі – көгалдандыру жұмыстарының нәтижесі, – деді Нұралхан Көшеров.
«Түркістан қаласы аумағындағы тұқымбақ» жобасының жалпы құны – 400 миллион теңге. Жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын нысанның құрылысы 2025 жылдың қазан айында басталған. Күтіп ұстаушы әрі жауапты мекеме ретінде «SK Geokart» ЖШС белгіленген. Қысқа уақытта гүл, ағаш көшеттерін өндіру жұмысы өз жемісін бере бастаған. Алдағы кезеңде тұқымбақтың жылыжай аумағын кеңейту, асфальт жол салу, табиғи газ және ауыз су желілерін тарту жоспарланған. Сонымен қатар Арыс-Түркістан су жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалану және өсімдіктердің сапасын арттыру мақсатында арнайы зертхана құру көзделген.
Жаңа тұқымбақ толық қуатына шыққанда мұнда жыл сайын 700 мың түп біржылдық гүл, 1 миллион түп жапырақты ағаш көшеті, 50 мың түп қылқанжапырақты ағаш және 100 мың түп көпжылдық гүл өсіріледі деп көзделген. Бұл өнімдер Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы саябақтарды, гүлзарларды, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға пайдаланылып, жергілікті көшетпен қамтамасыз етпек.
Айта кетейік, Президенттің республика аумағына 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл Түркістан облысында 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Көктемгі маусымда 332 мыңнан астам көшет отырғызылды. Барлық көшеттер облыстағы 14 жергілікті тұқымбақта өсірілуде. Сонымен қатар инвесторлардың қолдауымен қосымша 1 миллионнан астам ағаш отырғызылып, белгіленген жоспар артығымен орындалады деп күтіліп отыр.
Жаңа тұқымбақтың іске қосылуы Түркістан облысының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету және жасыл желек көлемін арттыру бағытындағы маңызды жобалардың бірі болып табылады. Көшет өндірісінің жергілікті жерде жолға қойылуы көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуге, сапалы отырғызу материалдарымен қамтамасыз етуге және табиғи ортаны жақсартуға мүмкіндік береді.
Тұқымбақта заманауи агротехнологияларды пайдалану арқылы өсімдіктердің жергілікті климат жағдайына бейімделуіне ерекше мән берілуде. Бұл көшеттердің жерсіну деңгейін арттырып, ұзақ мерзімде қалалар мен ауылдық елді мекендердегі жасыл аймақтардың тұрақты дамуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, жоба аясында мамандардың тәжірибесін жетілдіру, өсімдіктердің жаңа түрлерін көбейту және ғылыми тәсілдерді енгізу бағытындағы жұмыстар да жүргізілмек. Арнайы зертхананың құрылуы көшеттердің сапасын бақылауға, олардың өсіп-жетілу ерекшеліктерін зерттеуге және өндіріс тиімділігін арттыруға жол ашады. Түркістан облысында көгалдандыру жұмыстарының ауқымын кеңейту арқылы тұрғындарға қолайлы экологиялық орта қалыптастыру көзделіп отыр. Жасыл желекпен көмкерілген кеңістіктер қаланың көркін арттырып қана қоймай, ауа сапасын жақсартуға және өңірдің табиғи әлеуетін сақтауға маңызды үлес қосады.
