Сарыағаш ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осыған орай аудан әкімі Арман Абдуллаев Көктерек және Тегісшіл ауылдық округтерінде жүргізіліп жатқан ауыз су нысандарының құрылыс жұмыстарымен танысып, жобалардың орындалу барысын бақылады. Нысандарды аралау барысында аудан басшысы жауапты сала мамандары мен мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстап, белгіленген кестеге сәйкес мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Қазіргі таңда Құркелес және Көктерек ауылдық округтерінде жалпы ұзындығы 13 шақырымды құрайтын магистральды ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде оның 11 шақырымы тартылып, құрылыс жұмыстары Көктерек кенті мен Құркелес ауылдық округі аумағында жалғасып жатыр. Жоба толық іске асырылғаннан кейін Дархан, Нұрлы жол, Еңкес, Құлтума, Таскескен, Тегісшіл, Мәдениет, Жылысу, Жаңаталап, Береке елді мекендері мен Көктерек кентінің тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта аталған елді мекендердегі ішкі инженерлік желілердің құрылысы аяқталып, магистральды су құбырын тарту және орталықтандырылған жүйеге қосу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жоба Сарыағаш ауданындағы инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады. Сапалы ауыз суға қолжетімділікті арттыру тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартып қана қоймай, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етеді.
Жоба аясында заманауи талаптарға сай су жүйелерін орнатуға және олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа желілердің іске қосылуы тұрғындарды үздіксіз әрі қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, бұрыннан бар инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге жол ашады.
Аудан аумағында ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру – халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі басымдықтарының бірі. Әсіресе, шалғай орналасқан ауылдарды орталықтандырылған су жүйесіне қосу тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да Сарыағаш ауданында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, инженерлік желілерді жаңарту және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасын табады. Бұл бағыттағы бастамалар ауылдардың тұрақты дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
