Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 8 ЖЫЛДА 977 МЫҢНАН АСТАМ ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты жұмыспен қамту, азаматтардың табысын арттыру және еңбек нарығын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Түркістан облысында 2018 жылдан 2026 жылдың 1 маусымына дейінгі кезеңде облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында жалпы 977 654 жұмыс орны құрылды.

Құрылған жұмыс орындарының ішінде 265 245 адам Қазақстан Республикасы Президенті бекіткен Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар аясында жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасы шеңберінде ашылған жұмыс орындарына 98 016 азамат орналастырылды. Осы кезеңде 463 443 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасса, 245 940 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Оның ішінде, 58 653 жас жастар практикасына қатысып, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтады. Әлеуметтік жұмыс орындарына 39 990 адам, қоғамдық жұмыстарға 130 403 адам тартылды. Сонымен қатар «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 7 616 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 8 адам, ал «Күміс жас» жобасына 9 270 азамат жолданды.

Тұрғындардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында 29 401 азаматқа жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік гранттар берілді. Бұдан бөлек, 625 жас кәсіпкерге жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие ұсынылды.

Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, 14 303 адам кәсіптік оқытудан өтіп, тұрақты жұмыспен қамту шараларына тартылды. Оның ішінде жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес 14 099 адам білім беру ұйымдарында, ал 204 адам жұмыс берушілердің базасында оқытылды.

Сондай-ақ жұмыссыз азаматтардың біліктілігін арттыру мақсатында Enbek.kz платформасы арқылы сұранысқа ие дағдылар бойынша 16 573 адам онлайн оқудан өтті. Өз кәсібін ашуға ниетті 78 287 азамат «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмыспен қамту шараларын тиімді іске асыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беріліп келеді.

Атқарылған кешенді жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі еңбек нарығында оң өзгерістер қалыптасты. 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендеді. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,9 пайызды, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрады.

Алдағы уақытта да Түркістан облысында халықты тұрақты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу және азаматтардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Өңірде жұмыспен қамту бағытындағы шаралар еңбек нарығындағы сұраныс пен тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып жүзеге асырылуда. Әсіресе жастарды, әйелдерді және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды жұмысқа орналастыруға, олардың кәсіби мүмкіндіктерін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы бастамалар да жалғасып келеді. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында азаматтар өз ісін бастап, табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік алып, шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосуда.

Еңбек ресурстарының сапасын арттыру мақсатында қысқа мерзімді оқыту, қайта даярлау және біліктілікті жетілдіру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл шаралар тұрғындарға заманауи еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеріп, тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Жалпы, Түркістан облысында жұмыспен қамту саясаты халықтың әл-ауқатын арттыруға, экономикалық белсенділікті күшейтуге және тұрақты әлеуметтік жағдай қалыптастыруға бағытталған. Алдағы уақытта да жаңа өндірістер мен жобаларды іске қосу арқылы еңбекпен қамтылған азаматтар санын арттыру жұмыстары жалғаса бермек.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ «ДАРА ҰРПАҚ» ИНКЛЮЗИВТІ ТЕАТРЫНЫҢ ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

azatmedia

Pea Milk Hits US Supermarkets, Threatening Dairy Industry

azatmedia

Дін және оның классификациясы

azatmedia