Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА «АРМАНДАР ОРЫНДАЛАДЫ» ЖОБАСЫНЫҢ 4 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында ерекше балаларға арналған «Армандар орындалады» жобасының төрт жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Жиынға Созақ, Бәйдібек, Отырар аудандарынан, сондай-ақ Арыс, Кентау және Шымкент қалаларынан келген ерекше балалар мен олардың ата-аналары қатысты.

Іс-шара «Армандар орындалады» жобасы туралы бейнематериалдың көрсетілімімен басталды. Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол облыс әкімі атынан дарынды балалар мен жобаға қолдау көрсетіп жүрген демеушілерге Алғыс хаттар табыстады.

Сонымен қатар іс-шараға Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Инара Намазбаева, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Төрт жыл ішінде «Армандар орындалады» жобасы жүздеген ерекше баланың арманына қанат бітіріп, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және қоғамға бейімделуіне қолдау көрсетіп келеді. Жоба балалардың өз мүмкіндіктеріне сенімін арттырып, жаңа жетістіктерге ұмтылуына ықпал етуде.

Мерекелік кеш барысында ерекше балалар өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Шара аясында облыс әкімінің орынбасары фото көрмені аралап, жас таланттардың жетістіктерімен танысты. Ерекше балалардың өнері мен жетістіктеріне жоғары баға берді.

Айта кетейік, бұл игі шара түркістандық ерікті, «Армандар орындалады» жобасының негізін қалаған Әсел Бимырзаеваның бастамасымен қолға алынған. «Армандар орындалады» жобасының басты мақсаты – үйден оқытылатын ерекше балалардың қоғамнан шет қалмай, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік жасау. Сонымен қатар олардың қарапайым армандарын жүзеге асыру арқылы өмірге деген қызығушылығын арттырып, жарқын болашаққа ұмтылуына қолдау көрсету.

2022 жылы Түркістан қаласында бастау алған жоба бүгінде облыс көлемінде жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында үш рет ұйымдастырылып, республикалық деңгейге қадам басты.

Жоба аясында ерекше балалардың шығармашылық, спорттық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған түрлі танымдық кездесулер, шеберлік сабақтары мен мәдени іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл олардың жаңа ортаға бейімделуіне, өз қабілеттерін еркін көрсетуіне және өмірлік белсенділігін арттыруға оң ықпал етеді.

Сонымен қатар, жоба ерекше балалардың ата-аналарына да жан-жақты қолдау көрсетіп, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік алаңға айналды. Осындай кездесулер арқылы ата-аналар қоғамдағы инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосып, балалардың әлеуметтенуіне бағытталған бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта «Армандар орындалады» жобасының аясын кеңейтіп, өңірдің барлық аудан-қалаларын қамтитын жаңа әлеуметтік және мәдени бастамаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл ерекше балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және олардың қоғам өміріне белсенді араласуына қосымша мүмкіндік береді. Жалпы, «Армандар орындалады» жобасы мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын дәріптеп, ерекше балалардың армандарына қолдау көрсететін маңызды әлеуметтік бастама ретінде өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Жоба қоғамда инклюзивті ортаны қалыптастыруға және әр баланың қабілеті мен мүмкіндігін бағалауға бағытталған игі істің жарқын үлгісі саналады.

Қатысты жаңалықтар

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы туралы

azatmedia

ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ ЕРЛІГІ

azatmedia

Еліміздің болашағын айқындауға қатысыңыз!

azatmedia