Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өңірде салынатын ғимараттар мен жобалардың сәулеттік келбетін талқылауға арналған кезекті жиын өтті. Мәжілісте Келес ауданы мен Түркістан қаласында жүзеге асырырылуы жоспарланған бірқатар бастамалар қаралды.
Жиын барысында 7 сәулеттік жоба таныстырылып, жас сәулетшілер өз ұсыныстары мен идеяларын ортаға салды.
Өңір басшысы әрбір жобаға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Ол сәулеттік талаптардың сақталуына, заманауи үрдістер үйлесуіне, сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы әрі сапалы орта қалыптастыруға баса мән беру қажеттігін айтып, жобаларды жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Кеңес отырысында Келес ауданында су спорт кешенін салу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын қоршау, Түркістан қаласында ауқымды іс-шараларды өткізетін Рәміздер алаңын салу, жол бойына жүк көліктеріне қызмет көрсететін орталығын ашу, футбол академиясын ашу секілді жобалар талқыланды. Сондай-ақ туристерді тартуға бағытталған жоба ұсынылды.
Сонымен қатар Түркістан қаласындағы базар аумағында туристерге арналған жаңа нысандар ашу, Көне Арбаттың сәулеттік келбетін жаңғырту, қаланың туристік және ландшафтық тартымдылықты арттыру мақсатында өрік бағын орналастыру, туристік маршруттар жүйесін жетілдіру, саяхатшы паспорты мен маршруттар картасын әзірлеу, туристерге қызмет көрсететін electroсar бағытын жаңарту бойынша ұсыныстар айтылды. Жоба аясында базар аумағын тек сауда орны ретінде емес, Түркістанның негізгі туристік нүктелерінің біріне айналдыру көзделіп отыр.
Одан бөлек Тәуке хан даңғылын абаттандыру және қайта жаңғырту, туристерге арналған жаяу жүргіншілер жолдарын салу, көшелерді көріктендіру, қолданыстағы ғимараттардың сәулеттік келбетін жақсартып, оларды туристер үшін тартымды ету мәселелері қаралып, тиісті ұсыныстар берілді.
Мәжіліс соңында Әкімшілік-іскерлік орталық аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан жобалардың жұмыс барысы мен Түркі елдерінің орталығын салу жобасы баяндалды.
Жиында ұсынылған бастамалардың барлығы өңірдің сәулеттік келбетін жақсартумен қатар, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы әрі заманауи қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталғаны атап өтілді. Әсіресе, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру және көлік қатынасының қолжетімділігін арттыру мәселелеріне басымдық берілді.
Сондай-ақ жобаларды іске асыру барысында ұлттық нақышты сақтай отырып, заманауи сәулет талаптарын үйлестіру, жасыл аймақтарды көбейту және экологиялық талаптарды ескеру қажеттігі айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар қаланың бірегей келбетін сақтап, оның туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Өңір басшысы жауапты басқармалар мен жобалаушы ұйымдарға әрбір ұсынысты жан-жақты саралап, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар, жобаларды іске асыру кезінде тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын ескерудің маңыздылығына тоқталды. Жалпы, қаралған жобалар Түркістанның әлеуметтік-экономикалық және туристік әлеуетін арттыруға, қаланың инфрақұрылымын жетілдіруге әрі өңірдің тұрақты дамуына серпін беретін маңызды бастамалар ретінде бағаланды.
