Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 250 МЫҢНАН АСТАМ ТУРИСТ КЕЛГЕН

2026 жылдың алғашқы бес айында Түркістан қаласына келген туристер саны 250 мың адамға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25,2 пайызға артып отыр. Қазіргі таңда қала аумағында 72 қонақ үй мен орналастыру орындары жұмыс істейді. Олардың жалпы сыйымдылығы 3 254 төсек-орынды құрайды.

Шаһарда туризм саласын дамыту бағытында 2024-2027 жылдары жалпы құны 16,6 млрд теңгені құрайтын 11 жоба жоспарланған. Бүгінде олардың 8-і іске қосылып, қалған 3 жобаны жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген. Барлық жоба толық жүзеге асқанда 354 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, туристер үшін қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде қалада 85 бағыттаушы тақтайша орнатылып, 4 ақпараттық смарт-киоск қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындарының 80 пайызында қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ас мәзірлері енгізілген.

Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру мақсатында инфрақұрылымды жетілдіру және қызмет көрсету сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Қалаға келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін заманауи сервистерді енгізу, туристік нысандардың қолжетімділігін арттыру және ақпараттық сүйемелдеуді күшейтуге басымдық берілуде.

Өңірде мәдени-танымдық, тарихи және рухани туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Түрлі халықаралық және республикалық деңгейдегі мәдени-көпшілік іс-шаралар мен фестивальдердің өткізілуі қалаға келетін туристер легінің артуына оң әсер етіп, Түркістанның туристік тартымдылығын нығайта түсуде.

Туризм саласындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының өсіміне ықпал етіп, қызмет көрсету саласының сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік жасайды. Мамандардың пікірінше, қолға алынған жобалар толық іске асқан жағдайда Түркістанның еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы маңызды туристік орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесі одан әрі нығайып, ішкі және шетелдік туристер үшін тартымды бағытқа айнала түседі.

Қатысты жаңалықтар

Жол мәселесі шешімін тауып келеді

azatmedia

ОТЫРАРДА ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕР ЖОБАСЫ ІСКЕ АСУДА

azatmedia

ОРДАБАСЫДАҒЫ ОҢДЫ ІСТЕР

azatmedia