Соңғы жаңалықтар

«БІРЛІК – 2026»: ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР ЛАГЕРІ БАСТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен ұйымдастырылған «Бірлік» халықаралық жастар лагерінің ашылуына арналған пленарлық отырыс өтті.

Лагерге республикамыздың барлық өңірінен және көршілес Өзбекстан мемлекетінен арнайы жастар қатысуда.

Жиынды «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Руфина Усанова модератор ретінде жүргізді.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Гүлсара Тоққұлова, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Заң шығару палатасы жанындағы Жастар парламентінің мүшесі Элмурод Эркинов және «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің жетекшісі Нодиржон Хасантаев қатысып, жастарға ізгі тілектері мен лебіздерін білдірді.

Пленарлық отырыс барысында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы жастардың рөлі, этносаралық татулықты сақтау және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ өңірдің қоғамдық өміріне белсенді атсалысып жүрген қызметкерлер мен жастар марапатталды.

Үш күнге жоспарланған лагерь аясында қатысушылар үшін көшбасшылық, дипломатия, мемлекеттік басқару, қоғамдық келісім және қоғамдық белсенділік бағыттарында тәжірибелік тренингтер мен пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылады.

«Бірлік» халықаралық жастар лагері жастар арасындағы достық пен өзара ынтымақтастықты нығайтуға, қоғамдық келісім құндылықтарын дәріптеуге және жас буынның азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Лагерь бағдарламасы қатысушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға бағытталған. Жастар командалық жұмыстарға қатысып, түрлі жобаларды әзірлеу арқылы көшбасшылық қабілеттерін дамытып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар, іс-шара аясында өңірдің тарихи-мәдени мұрасын таныстыруға арналған танымдық кездесулер мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады. Бұл өз кезегінде қатысушылардың Түркістан өңірінің тарихы мен рухани құндылықтары туралы танымын кеңейтіп, түрлі өңірлерден келген жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түседі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, лагерь барысында көтерілген ұсыныстар мен бастамалар алдағы уақытта жастар саясатын дамытуға, қоғамдық келісімді нығайтуға және еріктілік қозғалысын қолдауға бағытталған жаңа жобалардың жүзеге асуына негіз болады. Айта кетейік, «Бірлік» халықаралық жастар лагері жастардың азаматтық белсенділігін арттырумен қатар, этносаралық татулықты, өзара құрмет пен ынтымақтастықты дәріптейтін маңызды алаң ретінде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Қатысты жаңалықтар

Діннің қоғам өміріндегі рөлі

azatmedia

ШЫМКЕНТ: ЖАСТАРДЫ ӘДЕБИЕТКЕ ЖАҚЫНДАТАТЫН ЖОБАЛАР ҰСЫНЫЛДЫ

azatmedia

ТҮЛКІБАСТЫҚ ШАРУАЛАР «СЫБАҒА» БАҒДАРЛАМАСЫ АРҚЫЛЫ ІРІ ҚАРА МАЛ БАСЫН КӨБЕЙТУДЕ

azatmedia