Ақпарат

Түркістан облысында сор шаю үшін 400 млн текше метр су берілді

Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Жетісай және Мақтаарал аудандарында сор шаю жұмыстарын жүргізді.

Жалпы алғанда филиал Жетісай ауданындағы 53,6 мың гектар және Мақтаарал ауданындағы 41 мың гектар алқапта сор шаю үшін 400 млн текше метр су жіберді.

Сонымен қатар Шардара ауданында 8,1 мың гектар алқапта топырақты ылғалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда бұл мақсатқа 262 млн текше метр су берілген.

Өңір диқандары судың уақытылы жеткізілгені үшін «Қазсушар» РМК мамандарына алғыс білдіруде.

«Жеті гектар жерде мақта өсіріп отырмыз. Қазір егіске дайындық үшін алқаптарды ылғалдандырып жатырмыз. Су уақытында әрі жеткілікті көлемде келіп тұр. «Қазсушар» қызметкерлеріне алғыс айтамын. Тұрақты су жеткізудің арқасында биыл мол өнім аламыз деп үміттенеміз», – деді шаруа Ақжан Сүлейменбеков.

«Сор шаю жұмыстары былтыр желтоқсан айында басталды. Бүгінде бұл жұмыстар толық аяқталды. Қазір суармалы алқаптарға көкөніс пен бақша дақылдарын суару үшін су беріп жатырмыз. Сор шаю жұмыстары мақта дақылын өсіру үшін аса маңызды. Жоғары өнім алу үшін топырақтағы тұз мөлшерін төмендету қажет. Ал ылғалдандыру жұмыстары егіс алдындағы дайындық кезеңінде жүргізіледі»,

— деді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Жетісай өндірістік бөлімшесінің басшысы Нұртас Тұрсынбеков.

Сор шаю жұмыстарының кең көлемде жүргізілуі өңірдегі суармалы жерлердің құнарлылығын сақтауға және топырақтың тұздану деңгейін төмендетуге бағытталған маңызды агротехникалық шара болып табылады. Бұл процесс ұзақ мерзімді кезеңде егін өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының қалыпты өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай жасайды.

Су ресурстарын тиімді бөлу мен басқару су тапшылығы қаупі бар аймақтар үшін ерекше маңызға ие. Осындай жүйелі жұмыстар арқылы диқандар егіс науқанына қажетті ылғалды уақытылы алып, вегетациялық кезеңде өнімнің тұрақты дамуын қамтамасыз ете алады.

Сонымен қатар, мелиорациялық шаралардың уақытылы орындалуы жердің деградациясын болдырмауға және ауыл шаруашылығы айналымындағы жерлердің өнімділігін ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің аграрлық әлеуетін күшейтіп, экономикалық тұрақтылыққа ықпал етеді. Алдағы уақытта су ресурстарын басқару бағытындағы жұмыстардың жалғасуы ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін одан әрі арттырып, диқандардың еңбек нәтижесін жақсартуға негіз болмақ.

Қатысты жаңалықтар

ТАЗА АУЫЗ СУ ЖӘНЕ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДА ЖАҢА ИДЕЯЛАР МЕН ТӘСІЛДЕР ҚОЛДАНЫЛАДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАНДА ӨТКЕН КЕҢЕСТЕ ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

azatmedia