Су ресурстары және ирригация министрлігі Тасөткел су қоймасынан Шу өзені арқылы Түркістан облысы, Созақ ауданына экологиялық мақсатта су жіберіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін ауданға 950 млн текше метр су жетті.
Бұл су экожүйені сақтауға өте маңызды. Ол құм мен тұзды шаңның көтерілуіне жол бермейді, сондай-ақ мал шаруашылығына қажетті жем-шөп қорын арттыруға көмектеседі. Аталған аумақ «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының теңгерімінде.
Бұған дейін су жіберудің тиімділігін арттыру және шығынды азайту үшін министр Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен ұзындығы 120 шақырым, ені 30–40 метр болатын Фурманов айналма каналы алғаш рет соңғы 40 жылда механикалық тазалаудан өтті. Жұмыстар былтыр шілдеде басталып, желтоқсан айының соңында аяқталды.
Осы жұмыстар басталған кезде облыс әкімінің тапсырмасымен Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы жұмысшы топ құрды. Аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер, ауыл және кент әкімдері түгел жұмылдырылып, канал тазалау жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылды. Кәсіпкерлердің демеушілігімен 218 тонна дизель отыны жеткізілді.
Созақ аудандық мәслихатының төрағасы Ордабек Жәмиев:
«Тұрғындар бұл суды көптен күткен. Ауданымыз үшін, әсіресе мал шаруашылығына, бұл өте қажет. Сонымен қатар, су келмесе, өзен табанынан тұз көтеріліп, экологияға зиян келтіреді», – деді. Тұрғындардың өтінішімен «Қазсушар» РМК «Су-метрология» филиалы мамандары су деңгейін бақылау үшін арнайы гидрометриялық рейка орнатты. Қазіргі таңда су Тасты ауылынан өтіп, тағы 12 шақырымға жетті.
Сонымен қатар, жіберілген судың Шу өзені арнасы арқылы төменгі ағысқа дейін бірқалыпты таралуын қамтамасыз ету үшін арнайы гидрологиялық бақылау күшейтілді. Мамандар су деңгейі мен ағыс жылдамдығын тәулік бойы қадағалап, қажет болған жағдайда реттеу шараларын жүргізіп отыр.
Бұл бастама алдағы жылдары өңірдегі шөлейттену үдерісін баяулатуға және жер асты суларының қорын ішінара толықтыруға да ықпал етуі мүмкін. Әсіресе жайылымдық жерлердің қалпына келуі мен өсімдіктер жамылғысының қайта жаңғыруы күтілуде.
Ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгерістер байқалады деп күтілуде. Су жеткізудің тұрақты болуы мал азығын дайындау мүмкіндігін арттырып, шаруалардың жем-шөп тапшылығын азайтуға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде мал басының сақталуына және өнімділіктің артуына әсер етуі ықтимал. Жергілікті тұрғындар тарапынан да су жіберу жұмыстарына қызығушылық жоғары. Олар табиғи тепе-теңдікті сақтауда мұндай жобалардың маңызы зор екенін айтып, алдағы уақытта да су ресурстарын тиімді басқару жүйелі түрде жалғасса деген пікір білдіруде.
