Түркістан қаласында Халықаралық туризм жəне меймандостық университеті мен облықтық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Заманауи туристік индустрия: жаһандық өзгерістер, тұрақтылық және цифрлық болашақ» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті.
Аталған шараның мақсаты – туризм саласындағы жаһандық үрдістер мен өзекті мәселелерді талқылау, тұрақты туризмді дамыту тетіктерін айқындау және цифрландыру жағдайында тәжірибе алмасу.
Конференция жұмысы аясында пленарлық отырыс өткізіліп, онда Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Ресей Федерациясынан келген ғалымдар мен сарапшылар баяндамалар жасады. Қатысушылар туризм индустриясындағы кадр даярлау мәселелері, экотуризмді дамыту, тарихи ынтымақтастықты дамыту, мәдени мұраны сақтау, сондай-ақ саланы цифрландыру мен басқарудың заманауи тәсілдері бойынша өз пікірлерін білдірді.
Іс-шараға Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшылығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, жоғары оқу орындарының өкілдері мен сала мамандары қатысты.
Жиында «Халықаралық туризм жəне меймандостық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректорының міндетін атқарушы Бекежан Мырзаев, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-сі басшысы орынбасары Ерназар Баетов сөз сөйлеп, ашып берді.
Түркістан облысы тарихи-мәдени мұраға бай, бірлігі мен татулығы жарасқан, туристік әлеуеті жоғары өңір ретінде отандық және халықаралық туризмді дамытуда маңызды орын алады. Осыған байланысты өңірде туризмді жүйелі дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және қызмет сапасын арттыру мәселелері өзекті болып отыр. Конференция қорытындысы бойынша туризм индустриясын дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленіп, ғылыми және тәжірибелік ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігі атап өтілді.
Конференция барысында көтерілген мәселелер тек теориялық талқылаумен шектелмей, нақты өңірлік тәжірибемен ұштастырылды. Қатысушылар Түркістанның тарихи-мәдени нысандары негізінде туристік маршруттарды әртараптандыру, келушілер ағынын маусымдық емес, жыл бойы тұрақты деңгейде ұстап тұру тетіктерін қарастыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта өңірдің брендін қалыптастыру және халықаралық деңгейде танымал ету мәселесі ерекше назарға алынды.
Сонымен қатар цифрлық туризмді дамытуға қатысты ұсыныстар кеңінен талқыланды. Онлайн платформалар арқылы туристік қызметтерді біріктіру, электронды гид жүйелерін енгізу және жасанды интеллект негізіндегі ақпараттық сервистерді дамыту туризм саласының тиімділігін арттыратын негізгі құралдар ретінде қарастырылды. Бұл қадамдар туристерге қолжетімділікті жеңілдетіп, қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Экологиялық туризм бағыты да конференцияда маңызды тақырыптардың бірі болды. Қатысушылар табиғи аумақтарды сақтау мен туризмді қатар дамыту үшін жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыру қажеттігін айтты. Бұл ретте тарихи ескерткіштер мен табиғи ландшафтарды қорғау шараларын күшейту, туристік жүктемені реттеу тетіктерін енгізу ұсынылды. Жиын қорытындысында ғылыми қауымдастық пен туризм саласы мамандары арасындағы әріптестікті нығайту, бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру және тәжірибе алмасу алаңдарын кеңейту жөнінде ортақ келісімге келді. Мұндай бастамалар Түркістан облысының туризм саласын тұрақты дамытуға және оның халықаралық беделін арттыруға ықпал етпек.
