Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы аясында Сауран ауданында инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету және бірқатар жобаларды жүзеге асыру қолға алынған. Осы мақсатта Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров «EURO SANDWICH PANEL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Қытай Халық Республикасының CHONGQING JINJIAHANG CONSTRUCTION ENGINEERING CO., LTD компаниясы өкілдерімен ресми кездесу өткізді.
Кездесуде Сауран ауданы аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаның барысы және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Нақтырақ айтқанда, «EURO SANDWICH PANEL» ЖШС-не Шаға ауылдық округі аумағынан көлемі 2,5 гектар жер телімі бөлініп, бұл аумақта сэндвич-панельдер мен металл конструкцияларын өндіретін зауыт, сондай-ақ электр қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құрылғыларды шығаратын өндіріс орнының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Электр қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құрылғылар 7 жыл көлемінде эксперименттік сынақтан өткен, жоғары сенімділігімен және қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестігімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда бұл өнім әлем бойынша тек Қытай Халық Республикасында ғана өндірілуде. Алдағы уақытта аталған технология Сауран ауданында да өндіріліп, ішкі нарықпен қатар экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаның негізгі мақсаты – құрылыс және өнеркәсіп салаларын отандық сапалы өніммен қамтамасыз ету, импортты алмастыру, өндірістегі қауіпсіздік деңгейін көтеру және өңірдің индустриялық әлеуетін нығайту. Жалпы инвестициялық құны 6,0 млрд теңгені құрайтын жоба толық іске қосылған жағдайда 65-70 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.
Кездесу барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жобаның стратегиялық маңыздылығына тоқталып, электр қауіпсіздігіне арналған заманауи құрылғылардың Сауранда шығарылуы – аудан үшін үлкен жетістік екенін жеткізді. Сондай-ақ әкімдік тарапынан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Аталған инвестициялық жоба Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және қауіпсіздікке бағытталған заманауи технологияларды өңірге енгізуге мүмкіндік береді.
Жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру барысында өндіріс орнының инфрақұрылымын жетілдіру, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және жергілікті мамандарды оқыту мәселесіне ерекше назар аударылмақ. Бұл өз кезегінде аудан жастары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, техникалық және өндірістік бағыттағы кадрлардың біліктілігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, өндіріс алаңының іске қосылуы шағын және орта бизнес субъектілерінің дамуына да оң әсерін тигізеді.
Алдағы уақытта аудан аумағында қосымша инвестициялық жобаларды тарту арқылы өндірістік аймақты кеңейту жоспарлануда. Мұндай бастамалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге негіз болады. Нәтижесінде Сауран ауданы заманауи өндіріс пен инновациялық технологияларды енгізген, бәсекеге қабілетті аймақтардың біріне айналуы мүмкін.
