Ақпарат

ОТЫРАР АУДАНЫНДА КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Бүгін 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Отырар ауданында көпбалалы аналарды ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шара аясында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ел болашағы – саналы ұрпақтың қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып жүрген көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады.

Жиында аудан басшысы ұлттың ұйытқысы болып отырған аналардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, олардың ел демографиясына қосып отырған үлесі – ұрпақ тәрбиелеудегі ерлікпен тең екенін атап өтті.

Ол өз сөзінде: «Әр шаңырақтың ұйтқысы, берекесін еселеп жүрген аяулы аналардың қоғамдағы орны бөлек. Олар Тәуелсіз елдің жарқын, айбынды ұрпағын тәрбиелеуде. Баласын елдің қызметіне лайықты азамат ретінде тәрбиелеген жан – барлық мақтауға лайық. Отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді.

Жыл сайын Мемлекет басшысының Жарлығымен жеті және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған аналарға «Алтын алқа», ал алты баланы өмірге әкелген аналарға «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталады. Бұл марапат – аналардың көпжылдық еңбегі мен отбасындағы зор жауапкершілігін бағалаудың айғағы.

ҚР Президентінің 2025 жылғы 14 қазандағы №1044 Жарлығының негізінде отырарлық 3 ана «Алтын алқа», ал 15 ана «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталып отыр. Салтанатты рәсімде аналарға төсбелгілер мен куәліктер табысталып, аудан әкімдігі атынан гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар ұсынылды.

Бүгінде Отырар ауданында 66 батыр ана, «Алтын алқа» орденімен марапатталған 680 ана, «Күміс алқа» орденімен марапатталған 1348 ана, І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 134 ана бар.

Қатысты жаңалықтар

АЙБЫНДЫ ЖАСТАР ЕЛ ҚОРҒАНЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАННАН БҚО-ҒА БАРҒАН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МЕН АРНАЙЫ ТЕХНИКАЛАР СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫН АТҚАРУДА

azatmedia

ҚАЗЫҒҰРТ: МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ АТА-АНАЛАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

azatmedia