Сонау ықылым заманнан атаның қанымен, ананың сүтімен бойға дарыған күрес – бабы келіскен балуанның бар мүмкіндіктері мен әдіс-тәсілдерін қолдана отырып өзінің мықтылығын мойындататын спорт түрі.
Бүгін Жетісай қаласындағы «Бекзат Саттарханов» атындағы спорт кешенінде боз кілемде атой салып, жауырыны жерге тимеген қазақ балуандарының ізбасарларының басын қосқан байрақты бәсеке басталды.
Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ мен «Ой қамшы» әдеби, тарихи білім жобасының бастамасымен «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні» мерекесіне орай Оразгелді ата ұрпақтарының демеушілігімен «Елім менің – Қазақстан» ұранымен еркін күрестен бастау алған Халықаралық жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен спорт ардагері, Халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Жаңбырбаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев пен спорт жанашыры Құнанбай қажы Мұсаев бастаған ел ағалары, Мақтаарал аудандық №1 балалар мен жас өспірімдер спорт мектебінің директоры Ғабит Жанаев қатысты.
12-14 күндері аралығында 2011-2013 және 2014-2015 жылы туылған жасөспірімдер арасында өтіп жатқан турнирге көршілес Қырғызстан, Өзбекстан республикаларымен қатар еліміздің барлық облыстарынан келген 32 командада 500 балуан 17 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтайтын болады.
«Бүгінгі сайыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Көршілес республикалар мен барлық облыстардан келген жас балуандар өз салмақтары бойынша мықтыларды анықтауда. Бүгінгі күн – күрес спортының жаңа таланттарын анықтап, жаңа чемпиондардың жұлдызын жағатынына сенімдімін» деген аудан әкімінің орынбасары қатысушыларға сәттілік, төрешілерге әділдік тіледі.
Салауатты өмір салтын насихаттай отырып жасөспірімдер арасында достық қарым-қатынасты нығайтуды, жаңа жас таланттарды анықтауды, бұқаралық спортты дамытуды мақсат еткен жарысқа арнайы қатысқан еркін күрестен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков пен ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов, грек-рим күресінен Олимпиада және Әлем чемпионатының жүлдегері, өзбекстандық Ихтиер Наврузов жарыстың бірінші күнінде 10 салмақ бойынша күш сынасып, жеңімпаз атанған жасөспірім спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын арнайы медалдармен және аудан әкімінің дипломдарымен, чемпиондық белбеулермен және қаржылай сыйлықтармен марапаттады. Айта кетейік, аталмыш турнир аясында ұйымдастырушылар тарапынан өмірден өткен ата-баба рухына құран бағышталып, ас берілді. Елдің ынтымағы мен тыныштығын тілеп, бата жасасқан ел ағалары өскелең ұрпаққа өнегелі әңгімелерін айтты. Бірлікке шақырды.
