Ақпарат Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АУДАНДАРЫ МЕН ҚАЛАЛАРЫНДА ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕР МЕН АЛАҢДАР АШЫЛЫП, ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ҚҰРЫЛУДА

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мәлімдеді.

Түркістан маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. 1 220 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде бюджеттің 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған.

– Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар ашылды. Отандық өндірісті дамыту есебінен 27 млрд. теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткіздік. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елімізді қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік болады. Шағын өндірістік алаңдарды дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысуда. Біздің әрбір аудан мен қалада, халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде өндірістік алаңдар құрылып, кәсіпорындар мен зауыттар ашылады, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Осы жұмыстар нәтижесінде Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылды. Мұнда 30 млрд. теңгеге 115 жобаны іске асырып, 1 124 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Ордабасы ауданында аумағы 10,5 гектар болатын «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салыну үстінде. Инвестиция көлемі – 10,4 млрд. теңге. 100 жұмыс орны құрылады. Жобаның мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, барлық аудандарда осы тәжірибені ендіру жұмыстары басталып кетті.

Жалпы, облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаңдары құрылған. Негізгі бағыттар ретінде: құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке, химия өнімдері өндірістері мен жеңіл өнеркәсіп айқындалды. Бүгінгі таңда, 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы аяқтап, іске қосуды көзделген.

Түркістан облысында шағын өндірістік парктер мен алаңдардың ашылуы өңірдің экономикасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Бұл жобалар тек жұмыс орындарын көбейтіп қана қоймай, сонымен бірге өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, импортты алмастыру бағытында да маңызды қадам болып табылады. Түркістан облысында іске асырылып жатқан жобалар, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға бағытталған, жергілікті халықтың табысын арттырып, бизнестің әртүрлі салаларда дамуына ықпал етеді. Осылайша, облыс экономикасына қосылатын инвестициялар мен өндірістік қуаттар өңірдің әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді.

Аталған жобалардың ішінде жиһаз, құрылыс материалдары, мұздатқыштар мен басқа да тұтыну тауарларын шығаратын зауыттардың ашылуы маңызды. Бұл түркістандық кәсіпорындардың өнімдерін тек ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықтарда да ұсынуына мүмкіндік береді. Бүгінде «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы аясында өндірістік алаңдар құрылып, жеке инвестициялар тартылып жатқанын ескере отырып, болашақта жаңа өнім түрлерін өндіру мен экспортқа шығару мүмкіндіктері кеңейеді.

Түркістан облысындағы өндірістік алаңдарды дамыту өңірдің инфрақұрылымын жақсартуға да септігін тигізеді. Бұл жобалар ауылдық жерлерде кәсіпкерліктің дамуын жеделдетіп, ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысында шағын өндірістік парктерді дамыту арқылы тек өңірдің индустриялық әлеуетін арттыру ғана емес, сонымен қатар экологиялық тұрғыдан да тиімді шешімдер қабылданады. Құрылыс материалдары мен басқа да өнімдер жергілікті жерде өндірілуі, тасымал шығындарын азайтып, экологиялық жүктемені жеңілдетеді. Сонымен қатар, бұл жобалар жергілікті өндірісті ынталандырып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етеді. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, бұл жаңа жұмыс орындарын құрып, тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған тиімді бастамалар болып табылады.

Қатысты жаңалықтар

ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ ҰЛАСБЕК СӘДІБЕКОВ АУДАНҒА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

azatmedia

ЮНЕСКО-НЫҢ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МҰРА КОМИТЕТІ «ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ» ЗАҢЫН ҚҰПТАДЫ

azatmedia

ҚАМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚАЛҒАНДАР БАСПАНАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

azatmedia